{metadescription}
Өзбекстанға не үшін бардым...

Өзбекстанға не үшін бардым...

Жақында КТК арнасының дизайнері Виктория Әбдусадықова Өзбекстан еліне саяхаттап қайтты. Биыл, 2018 жыл Қазақстанда Өзбекстан жылы деп жарияланғанын білетін боларсыз. Сондықтан біз Виканың күнделігіне өзбек елі туралы жазғанын айна-қатесіз беруді жөн көрдік.

«Көрші елге де жеттім-ау ақыры. Cоңғы сағатқа дейін «барайын ба – бармайын ба» деген сұрақтар ойымнан кетпеді. Дегенмен табиғатыма тән әуесқойлық пен саяхатқа деген құмарлығым басым түсті.  

Сонымен, Алматыдан Шымкентке жетіп, шекараға дейін және Тәшкенге  такси жалдадым. Бұл өзіме ыңғайлы көрінді. Автобус, такси, жеке көлігіңмен баруды жоспарламас бұрын, ең алдымен, шекарадан өткенде өзіңмен бірге қандай зат алып жүру керек, қанша валюта, нені декларациялау керектігін  білу үшін алдын ала ережелермен танысып алған дұрыс.

Офлайн Maps.me картасын жүктеп алыңыз - өте ыңғайлы және адасып кетпейсіз. Айтпақшы, таксишілер көшемен емес, баратын жердегі басты ғимараттар бойынша бағдар жасайды екен.

Ал енді өзбек еліне келгендегі басты мақсатым – нағыз палау жегім келген – PALOV-ОШ.

Тәшкенде палау тек түскі 12-13-те әзір болады және дайындалған палауды ілезде жейді екен. Яғни бүгінге дайындалған палау таусылса, қайта әзірлемейді, тек ертеңгі күнді күтесіз. Бұл дегеніміз – палау әзірлене сала тек ыстық күйде беріледі.

Әр қаланың өз палауы бар. Мәселен, такси ұстап «палау жегім келеді» десең, жергілікті дәмханаға апарады. Дәмхана құлпырып тұрмаса да, палауы тіл үйіреді.

Тәшкен дәмханаларында тапсырыс берген әр тағамыңа қосымша сүзбе береді екен. Сүзбе – ашыған сүттен жасалған тағам. Мен оны қаймақ пен йогурттың қоспасына ұқсаттым. Кез келген жерде буы бұрқыраған самса сатылады. Ол да палау сияқты әр қалада әр түрлі әзірленеді екен.

Сосын танымал тағам – жиз.  Өзіміздің қуырдақ іспеттес. Бұқарада қойдың етін тандырда әзірлейді. Айтпақшы, әлгі бізде палауға қосып беретін ачачук салатының дәмінің айырмашылығы бар. Өзбекстанда ачачук жаңа піскен көкөністерге пияз қосып береді. Ал олардың кәуабының маринады онша білінбейді. Яғни, кәуабтары да жас қойдың етінен жасалады.

Тәшкен, Самарқан, Бұқарадағы жұқа нанды әр түрлі әдіспен пісіретін көрінді, өйткені дәмі өзгеше.

Тәшкен қаласы Совет кезіндегі қала сияқты. Архитектурасы Варшава, Мәскеу, Питерді еске түсіреді және жолдары кең.

Тәшкенде жүргенде өзімді бөтен елде емес, Қазақстанның бір қаласында жүргендей сезіндім. Халқы алматылықтарға ұқсас, орыс, татар, қазақ, кәрістер де бар.

Тәшкенде қай жерге тоқтаған дұрыс? Ашық-жарқын қонаққа толы хостелі керемет екен. Topchan және Art Hostel-ге кеңес беремін. Ұнады. Тәулігіне адамға 10-15$.  Жайлы қып орналастырады.

Өзбек астанасын аралауды неден бастаған дұрыс?

«Өзбекстан» қонақ үйінің алдынан екі қабатты туристік автобустар екі сағат сайын (таңғы 10-нан бастап)  қатынайды. Құны 2 мың теңге, яғни 50 000 өзбек сомы. Автобустың ішінде құлаққап арқылы қаланың көрікті жерлері туралы мағлұмат беріп отырады. Екі жерден ең маңызды деген ғимаратқа аялдап, толығырақ таныстырады. Сосын қаланы айналып барып қонақ үйге жеткізеді. Тап сол жерде Әмір темірдің алаңы бар. Қос студенттер ғимаратының арасында  «Бродвей» орналасқан, ол біздіңше «Арбат». Сол жерді аралауға асығыңыз. Жаныңа жайлы жер.  Қатарына егілген ағаштардың астында көлеңкеде отырып тамақтануға болады.

Чорсу базары мен XVI ғасырда тұрғызылған Хазрет Имам кешені. Хазрет Имам ансамблі күллі Өзбекстанның рухани орталығы ма дерсің.  Өкініштісі, онда тек 20 минут қана тоқтайды, бұл біздер үшін өте аз уақыт.

Орта Азиядағы ең тұңғыш Ташкент метросына барғаным да дұрыс бопты.

Самарқан.  Төрт сағаттық жол. Күн аптап ыстық. Көлік кептелісі. Жолы нашар. Мен Регистон қаласының басты алаңының жанындағы   “Джахонгир”  отеліне орналастым. Төл мәдениеті бар, ерекше безендірілген отель екен.  Жайлы. Тіпті ішінен шыққың келмейді. Айналаң толған ағаш сәкілер. Хош иісті кофе.

Регистоннан жоғары (алматылық болғасын жоғары-төменгі жақ деу – әдет) алаңда Бибі Ханым мешіті Әмір Темірдің сүйікті жары), Шығыз базары.  Шахи Зинда кесенесі сүйсіндірді. Оның қасындағы workshop  - жібектен тоқылатын кілемдер. Ұлықбектің астрономия музейіне де бармаған – күнә. Оған такси ұстаған дұрыс.

Ал Регистон алаңынан қайтар жолда тілдің дәмін үйіретін палауды Самарқан дәмханасынан табасың. Ол жерден кешкі ас ішкен жөн. Өзінің жергілікті шарабын ұсынады. Сондай-ақ жергілікті зауытта шараптың дәмін татуға болады. Ол жөнінде гидпен келісіп алған дұрыс.

Бұқара. Самарқаннан мүлдем бөлек. Тып-тыныш Тәшкеннен шығып, Самарқанға келгенде шығысқа тән дөкірлеген шуға тап боласың. Ал Бұқарада мүлгіген тыныштық. Бейбіт жайбарақат қала. Шығыстай жуас.

Қонақ үйлер мен дәмханаға бай орталығында Көне қала бар. Заманауи иісі бармаған, қызғыштай қорғап сақтап қалып, қайта жандандырған Ескі қала. Мұнда уақыт тоқтап қалғандай. Ешқайда асықпайсың. Қаланың баяу ырғағына қалай ілесіп кеткеніңді білмей қаласың.  Қаланың барлық көрікті жерін бір күнде аралас шығағу мүмкіндік бар. Бірніші медреседен соңғы – сумен қамту музейіне дейін. Таңғы 8-де шықсаң, қала шетіндегі «Магистраль» кафесіндегі керемет палауға түскі 12-де үлгересің. Содан кейін тағы да тарихи үш ғимаратты, тіпті қала сыртындағы жазғы резиденцияны тамашалап үлгересің.

Мұнда «Чор Минор» отелін ұнаттым. Айтпақшы, мен құрбыммен, яғни екі адам бардық. Сондықтан қонақ үйдегі бағаны екі бөліңіз. Әрқайсымыз 200 доллардан төледік (ұсақ-түйек сувенирді санамағанда). Жалпы алғанда мереке күндерін пайдаланып өз еліміздің өзге өңірлері мен көрші елдердің де мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен танысуға көңіл бөле бастадым. Ел көріп, жер көргенді өзімізден, жақын елден бастайық.

Саяхаттау мені неге үйретеді? Бұл сапардан ұққаным, өзіме жаңалық аштым, өзгеше тәжірибе жинадым. Жаңа – Шығыс дүниесін таныдым. Дәмін таттым. Өзбекстанның ең жақсы жерлерін өз көзіммен көрдім.  Емен-жарқын әңгіме құрдым. Көзқарасым қалыптасты. Жаңа әлем көрдім. Және... өмірімде жақсы өзгеріс болады деп сенем...

P/S

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы  дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл 25 жыл. Осы уақыт ішінде құжаттар бекітіп, мемлекеттер арасында бауырлас ынтымақ орнады. Ал өзбек диаспорасы қазақ елінде саны жағынан үшінші орында тұр. Оңтүстіктегі көршімізбен бізді 2354 шақырым шекара біріктіріп жатыр.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде