Менингит: несімен қауіпті, микроб қайдан пайда болады, алдын алу, вакцинация қажет пе?
Менингиттен қорғану: несімен қауіпті, микроб қайдан пайда болады, алдын алу, вакцинация қажет пе?

Менингиттен қорғану: несімен қауіпті, микроб қайдан пайда болады, алдын алу, вакцинация қажет пе?

Елімізде ушығып тұрған қандай менингит? Ол несімен қауіпті? Оның микробы қайдан пайда болады? Вакцина жасату қажет пе? Аурудың адын алу үшін не істеу керек? Менингиттің қандай белгісі күмән тудырады?

Украиналық педиатр, медицина ғылымдарының кандидаты Евгений Комаровский қазақстандық ата-аналарға менингиттен қалай қорғану туралы ақыл-кеңес берді.  

Елімізде ушығып тұрған менингиттің қандай түрі? Ол несімен қауіпті?

"Адамдар «менингит» деген сөзді естісе, байбалам салады. Бірден айтайын, нақты «менингит «деген диагноз жоқ. «Менингит» сөзінің жанында тағы бір сөз болуы тиіс. Қандай менингит?

Адамның  бас сүйегі мен  мидың арасында миды жауып тұратын бірнеше қыртыс бар. Жұмсақ қыртыс па, қатты қыртыс па, оның маңызы жоқ. Міне, осы қыртыстардың қабынуы менингит деп аталады. Осы қабыну көптеген вирустардан, бактериялардан, тіпті қарапайым кейбір қышыма қотырлардан (грибок) менингит тудырады. Жәй  «менингит» деген болмайды. Мысалы, қызылша менингиті, желшешек менингиті, стафилококк менингиті және т.б. түрлері бар.

Ал Қазақстанда дүрбелең тудырып отырған – менингококк менингиті.

Менингококк –  адам өміріне қауіпті менингит тудыратын ерекше бактерия. Ол менингитпен қоса, менингококк жұтқыншақ пен мұрын қуысының қосылған жерінен кіріп қанға түсіп, зиянды нәрсе бүкіл қанға жайылады. Бұл  - өткір менингококктық сепсис (ағзаға жұқпалы аурудың тұтас жайылып кетуі) немесе ғылыми тілмен айтсақ, «менингококцемия».       

Менингококцемия - балалардың жұқпалы ауруларының ішіндегі ең қауіпті түрі. Неге? Өйткені  бала ауырған сәтінен бастап кейде небәрі бір тәулік ішінде көз жұмуы мүмкін. Тіпті дер кезінде ауруханаға жеткізіп, заманауи құрылғымен, қымбат препаратпен әлемнің үздік клиникасында  жедел емдегеннің өзінде– өлім-жітім 10 пайызды құрайды. Яғни, ауырғандардың 10 пайызы ажалмен аяқталады. Бұл дәстүрлі  көрсеткіш. Тіпті өткір менингококктық сепсистен ауырған науқастардың 20 пайызы өліп жатады.

Менингококк  микробы қайдан пайда болады?

Менингококк микробының ондаған түрі бар: А, Б, В, С және т.б.  Менигококк А тобының вакцинасы  - мүлдем тиімсіз. Ол Б менингококктан сақтай алмайды. Тарап жатқаны менингококк А және Б делік. Осы екеуі менингит шақырады.

Адамдардың басым көпшілігінің жұтқыншағы мен мұрын қуысының қосылған жерінде менингококк бірнеше жылдар бойы  тыныш өмір сүре береді. Яғни, адамның мұрын қуысына менингококк түскенде сізге ештеме (100 пайыз)  болмауы мүмкін.  Адам бейбіт түрде бұл микробпен өмір сүріп жүре береді. Жастар арасында 10-15 пайызы іс жүзінде менигококк тасымалдаушысы. Кейбір жағдайларда жұтқыншаққа әсер етуі мүмкін. Мысалы, жұтқыншақта менингококк барын білмейміз, бірақ басқа вирустық аурумен ауырып қалды делік. Болмаса, менингококк шоғырлануы көп немесе сіз отырған ғимараттың іші шылым шегушілердің түтініне толы, ауа өте құрғақ, үйді желдетпейсіз, сонда жұтқыншақтың иммунитеті әлсізденіп, тап сол кезде жұтқыншақтағы менингококк қанға түсіп, менингит ауруын қоздырады.

Естеріңізде болсын: әлемнің барлық елдерінде дүркін-дүркін менигококк жұқпасы ушығып тұрады. Ірің менингиті немесе менингококкты сепсис, кейде екеуінің тіркескен түрі. Бұл әрдайым болатын дүние. Әсіресе миллиондаған халқы бар  ірі қалаларда бірнеше адам апта сайын осындай диагнозбен ауруханаға жатқызылады. Кей жағдайда науқастардың бұл саны екі-үш рет ұлғаяды. Тағы айтам: миллиондаған халқы бар қалада бір айда екі-үш реттен еселенген науқас саны, бұл бірнеше ондаған адам. Оларға дер кезінде ем жасалса да, 10-15 пайызы осы аурудан көз жұмады.          

Не істеу керек?

Қазір Қазақстан елінде менингококкты менингитке қатысты дүрбелең айрықша жағдай деп айта алмаймын. Бұндай ауру болған, болады және бола береді. Бірақ менингококктан өлу – үлкен қайғы. Бүгін ауруға шағым айтпаған дені сау адам екі күннен соң о дүниеге аттанады. «Менингит!» деп байбалам салғандар, даурықпа сөздер, көптеген жан-жақты беріліп жатқан ақпараттар адамды парасатты пайымдаудан айырады. Сондықтан әр адам не істеу керектігін нақты білуі тиіс.

Вакцина салдыру қажет пе?

Бұл жерде вакцина туралы білу керек. Мысалы, Б менигококктан вакцинаны ешқайдан таба алмайсыз. Ол өте сирек және қымбат, 2014 жылы шыққан. Тіпті қаржысы мол дамыған елдердің өзінде бұл вакцинаға кезек көп.   

Әрине, еліңізде сапалы вакцина, қаражатыңыз болса, онда жасатыңыз. Бірақ,  сіз жасатқан вакцина менигококктан құтқарып қала ма? Күмәнім мол. Бүкіл халықты жаппай вакцинациялау мүмкін емес, өйткені вакцинаның соншама қоры еш елде жоқ. Менигококктан қорғайтын Б тобының вакцинасы жоқ, ал басқа тобының вакцинасын қабылдап алсаңыз, Б тобынан қорғана алмайсыз. 

Вакцина алу қандай кезде қажет?

Көпшілік ортада болмаған бала (адам) кенеттен көп адам жиналған жерге баратын болса, онда вакцина жасатыңыз.

Тап қазір менигококктық менингиттен вакцина алу туралы мәселені бірінші кезекке қоюға болмайды. Ол мәселені шешпейді. Қазіргі менингиттің ушығуы – уақытша.   Өйткені балаңызға А мен С вакцинасын салдырсаңыз да, оны Б тобының менигококкынан қорғау қиын. Шын мәнінде қазір ешбір елде, ешкім баласын менингококктың барлық түрінен вакцина арқылы қорғай алмайды – вакцина жоқ. Сондықтан ең дұрысы – алдын алу.

1. Аурудың алдын алу.

Адамдармен араласуды азайту. Көпшілік жиналған жерге балаңызды апармаңыз. Мектепте, балабақшада жиналысты жабық бөлмеде емес, барынша таза ауада өткізу.  Үйдің ауасын желдетіп тұрыңыз. Естеріңізде болсын, менингококк жұтқыншақтан қанға қашан түседі - менингоккок микробы көбейген кезде және демалу жолдарының шырышты қабығы кеуіп қалғанда. 

Менингококк адам бір-біріне жақындағанда жұғады. Ол желден ары қозғалмайды, яғни оны жұқтыру үшін сүйісіп, құшақтасу керек. Сол үшін ауаны әрдайым желдетіп, есік-терезені ашып тастаңыз. Бұл кез келген вакцинадан гөрі жүз есе тиімді.

Менингококк далада емес, жабық жерде жұғады. Балабақша, мектепке, жұмысыңызға дене қызуы бар, мұрнынан су ағып түшкірген, тамағы ауырған адамды жолатпаңыз. Мүмкіндігінше тек таза ауада араласыңыз. Және бөлмедегі ауаның ылғалдылығын бақылаңыз. Заң бойынша, жатын бөлменің ауа ылғалдылығы 40-тан 60 пайызға дейін болуы тиіс және бала күніне, кем дегенде 4 сағат таза ауада болуы тиіс.

Жеке гигиена. Сағыз, кәмпитпен ешкіммен бөліспеу. «Мен жедім, жартысын сен же» дегенді ұмыту керек. Бір құтыдан ішпеу. Киім-кешек те ортақ болмауы керек.

Қолды жиі, мұқият жуу. Естеріңізде болсын: менингококк тек менингит туғызбайды, менингококк тұмау да тудырады. Балаңыз мұрнынан су ағып, мұрнын шұқылап, сол қолымен есіктің тұтқасын ұстады делік. Микробты таратты дей беріңіз. Сондықтан қолын жиі сабындап (сабынды 20 секунд бойы жағу, әр саусақтың арасына) жуып, үйді таза ұстау. 

Көпшілік жиналған жерге, мысалы, емханаға барғанда өзіңізбен бірге тұз ерітіндісін алып, үнемі мұрынға шашып тұрыңыз. Сөйтіп дем алу жолдарының шырышты қабығының ылғалдылыған сақтайсыз.  

2. Дер кезінде жедел жәрдем шақыру.

Менингиттің белгілері ерекше. Баласы ауырғанда  анасы оны бірден сезеді -  «бұрын былай жыламайтын», «бұрын бүйтіп шағымданбаған» және «бұндай жағдайын тұңғыш көруім». Яғни, сырқаттанған бала өзін бұрынғы ауырғандарына қарағанда өзгеше ұстайды. 

Күмән тудыратын:

Әдеттен тыс шағым: баланың температурасы 33,3 немесе 33,5, ал өңі бозарып, күйі нашар. Әсіресе балаларда кездесетіні: бірсарынды, ащы дауыспен шыңғырады.  Жатқан кезде басын шалқайта береді. Ішіне қарай аяғын бүгеді. Осыны байқасаңыз, дереу жедел жәрдем шақырыңыз!

Ең маңыздысы: сіз тұратын қаланың қай ауруханасында менингитпен науқас қабылдайтынын білу. Және оған қалай тезірек жетуге болады. Өйткені жедел жәрдем кешігіп қалса, әр минут қымбат. Әсіресе менингококцемияда және қанға жұқтырғанда.   Ал бұның басты белгісі - бөртпе.

Қауіпті бөртпе (сыпь) мен қауіпсіз бөртпені қалай ажыратамыз?

Қолыңызға әйнек алып (шыны стақан) бөртпені басыңыз. Егер бөртпе жоқ болып кетсе – қауіпсіз. Ал бөртпені басып көргенде ол сол күйі тұрса, демек әр минут санаулы! Ауруханаға асығыңыз! 

Тап қазір, еліңізде менингит ушығып тұрғанда, балаңыз ауырып қалса, өз бетіңізбен емдемеңіз, дәрігерге көрсетіңіз.

Асығып қарбаласқа түспеңіз. Бәріне жаппай антибиотик салу – тиімсіз".

Евге́ний Оле́гұлы Комаро́вский (1960 жылы 15-ші қазанда Украинаның Харьков қаласында туған) — кеңестік және украиндық педиатр, жоғары санатты дәрігер, жазушы, «Доктор Комаровскийдің мектебі» бағдарламасының жүргізушісі. Евгений Комаровский — бірқатар ғылыми жұмыстардың авторы, ғылыми-көпшілік мақалалар мен кітаптар жазған. Харьков медициналық институтын тәмамдаған. 1983-ші жылдан бастап Харьков облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінде жұмыс істеді. 1991 - 2000 жж. — жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі болды.  1992 жылы ол тұңғыш рет дифтерия эпидемиясына қатысты телеэфирге шықты. Содан бері одан педиатр ретінде көптеген сұхбат алынып келеді. 1996 жылдан бері медицина ғылымдарының кандидаты.  2000 жылы жеке медициналық орталықта қабылдап, 2006 жылы Комаровский клиникасын ашты.

Еліміздегі менингококк жұқпасы туралы соңғы ақпараттарды мына жерден қараңыз. 

Алматыны шыр айналдырған қандай ауру? Менингиттен көз жұмғандар туралы не білеміз? Денсаулық министрлігі қандай шаралар қолдануда? Бұл туралы арнайы репортажды "Аптап" бағдарламасынан қараңыз

 

 

 

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...