Түр десең түрі бар жігіттердің «Кел, келінім» реалити-шоуына қалыңдық іздеп келуіне не түрткі болды? Жігіттердің аналары «Кел, келінім» жобасынан расымен де болашақ келінін іздеді ме? Әп-әдемі қазақ қыздары реалити-шоудан «бай іздеп» жүргендей көрінем деп ұялған жоқ па?
Кел, келінім: Ұялтқан, ұқтырған, ұтымды сәттері

Кел, келінім: Ұялтқан, ұқтырған, ұтымды сәттері

Түр десең түрі бар жігіттердің «Кел, келінім» реалити-шоуына қалыңдық іздеп келуіне не түрткі болды? Жігіттердің аналары «Кел, келінім» жобасынан расымен де болашақ келінін іздеді ме? Әп-әдемі қазақ қыздары реалити-шоудан «бай іздеп» жүргендей көрінем деп ұялған жоқ па?

КТК арнасында сәуір айында эфирге шыққан, қазақ көрермендеріне таңсық «Кел, келінім» реалити-шоуының бірінші маусымы аяқталуға жақын (бағдарламаның әр шығарылымын мына жерден қараңыз). Бұған дейін біз жобаның ұтымды тұстарын жазған едік.

«Кел, келінім» әлеуметтік желіні шулатқан, түрлі пікір туғызған жоба болды. Көрермендер тарапынан бағдарламаның шынайылығына сенімсіздік танытқандары көп-ақ.  Сол себеппен біз аталмыш жобаның қатысушыларын сөзге тартып көрдік. Ұққанымыз, барлығы да сіз бен біздей қарапайым адамдар. Олар бүкпесіз шындығын айтуға тырысты. Сіздерге соның қызықты деген жерлерін ұсынып отырмыз.

«Мына қыз жексұрын, онбаған деп жерден алып, жерге салғандар көп болды»

Әсел Дәулетбаева:

«Бұрын да телевизия саласында қызмет еткенмін, бірақ реалити-шоуға түсемін деп ешқашан ойламағам. Алдымен өзімді сынап барып тұрмысқа шығуым керек деген мақсатпен келдім.  Жоспарым туралы әке-шешеме айтпаған едім. Жігіттердің аналарының алдынан өткеннен соң ғана өз ата-анама айттым. Бастапқы шығарылымдарды көрген болсаңыз, мен  қыздармен ұрсысып, тіпті төбелеске дейін барғанмын. Маған көп адамдар қарсы шықты. Жүз пайыздың жиырма пайызы ғана қолдады. Жұртта мен туралы  жаман пікір қалыптасты. Мына қыз жексұрын, онбаған деп жерден алып, жерге салғандар, тіпті дүкенге кіргенде қол жұмсауға шақ қалған кездері де болған. Мен басында еркеледім деп айтқым келеді. Бақандай сегіз қыздың арасында өзімді қорғау қажет болды, сөйтіп қорғану тәсілін қолдандым».

«Ақсаусақ адаммын. Шыны керек, қойдың ішек-қарнын көргенде лоқсып,  барлық аналарға қарсы шыға жаздадым. «Бұл жиіркенішті , мен бұны істемеймін!» дегенмін. Бірнеше рет сондай жағдайлар болды, бірақ мен үш ай бойы осы бағдарламадан көп нәрсені үйрендім. Ендігіде мен талай нәрсені білетін боламын, өзіме үлкен сабақ алдым».

«Осындай келбетіңмен ата-анаңды жерге қаратып , ер адамның алдына келіп тұрсың» деп айтқан басында. Жоқ! Қазіргі заманда қыз бала да бірінші қадам жасайды. Меніңше, бұл ұят емес».

«Ата-анамның алдында ешқашан ұрсыспайтынмын. Қыздармен дау туындаған кезде олар хабарласып: - Сен ұрысуды қайдан білесің?! - деген еді. Мені орныма қоятын  ата-анам ғана . Қазір олар да, бір жағынан Мухаббат тәте де қолдап жатыр. Осы жобада қатты өзгердім. КТК арнасына, барша бағдарламаны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Өйткені мен қазір Тимур деген қатысушымен жұппын. Анасы да алтын адам».

«Ұялмайсын ба? Бай іздеп келіп отырсың!»

Перизат Нұрбекқызы:

«Бағдарламаны басынан қарап жүрдім, қай жігіт маған сай келеді, қайсысы ұнайды деп бақыладым. Сосын үйдегілермен ақылдасып, жобаға қатысуға шешім қабылдадым. Анам мен әкем  бағынды сынап көр деп рұқсат берді. Оның үстіне тапсырмалары ұнады, үйренгім келді. Қалада тұрғасын, ауылдың тұрмыстағы үй тірлігін біле бермеймін».

«Шынымды айтсам, көрермен ретінде бұл жобаны қойылым деген ойда болғам. Бірақ олай емес екен, осында келіп көз жеткіздім. Барлығы шынайы, өз басымыздан өтіп жатқан оқиғалар. Өз аузымызбен айтылған сөздер. Жасандылық жоқ».

«Өмірде шынымен де  ұрсысатын, үлкенмен сөз таластыратын, еркекті, енесін сыйламайтын қыздар бар екені рас.  Әлеуметтік желіде «бұл жобаны жабу керек» деген пікір болды. Мен оған қарсымын.  Бұнда өз өмірімізде болып жатқан жағдайлар ашық көрсетілуде. Кім үйінде ұрыспайды, жанжалдаспайды?»

«Басында ұялдым, жақындарым мені эфирден қарап отыр деп қобалжыдым.  Өйткені алғашқы эфирде:  «Ұялмайсын ба?», «Бай іздеп келіп отырсын ғой!» деп айтылды. Оған жауабым: мен артық, жаман қылық жасап жатқан жоқпын.  Жігіттерге ақша беріп, жағдайларын жасап немесе үйіме әкеп жатқам жоқ. Тек өз бақытым үшін күресіп жүрмін. Даниярды кездестіргеніме, әрі жұп болғаныма қуаныштымын. Оның анасының маған деген жылы ілтипаты да таңдауыма түрткі болды Болашақта  жақсы отбасы болып кетсек, бұл бағдарламаға үлкен алғысымды білдірер едім».

«Ата-анам көп нәрсені үйренесің, саған керек бағдарлама деп рұқсатын берді»

Жанар Батырша:

«Кел, келінім» туралы үй ішімнің пікірі жақсы. Ата-анам рұқсатын берді.  «Көп нәрсе үйренесің, саған керек бағдарлама» деді. Қазақтың бар қызы мұндағы тапсырмаларды көріп, үйренуі тиіс деп ойлаймын. Мысалы, қаздың жүнін жұлып, тазалағанда қиналып кеттім. Дегенмен тапсырманы орындап шықтым. Басқалар да көріп, үйреніп жатыр, әр келін бұны білуі тиіс. Ойлаңызшы, небәрі сегіз қыз бүкіл халыққа келіндердің қалай болуы керек екенін көрсетіп жатыр».

«Келін болуға толық дайынмын деп айта алмаймын. Үйренетінім әлі көп. Қаражат жағынан да мәселе болуы мүмкін. Мен бұл жерге тұрмысқа шығу үшін келдім. Міндетті түрде осы бағдарламадан жұбымды тауып, болашаққа деген сеніммен кетемін деп ойлаймын».

«Кастингке келген қыздарды аналардан да асып сынадым»

Данияр Әлкейұлы:

«Әкем отбасында ең үлкені, ал мен тұңғыш немеремін. Ата-әжемнің жасы да 80-ге келіп қалды. Үйлен деген соң келдім. Қыз таңдау – қиын. Қыздармен жүрдім, бірақ бірер айдан соң екіжүзділігін байқадым.  Ал осы бағдарламада бүкіл елдің алдында маған деген сезімін бұқпасыз көрсетеді деп келдім».

«Анам жобаға қатысуға бірден келіспеген, дегенмен көндірдім. Бірге көріп, бірге келейік деп шештік. Кастингке келген қыздарды аналардан да асып сынадым. Бірден қандай екенімді көрсеттім, осындайыма көнесің бе деп. Сол кезде көп қыздардың кететіні - кетті, қалатыны – қалды».

«Жүрек қағысы деген болады. Жүрегім селт еткенде қадам жасадым. Анашыммен сөйлестік. Бәрі жақсы. Өзім де таңдадым, анамның да  көңілінен шықты».

«Абай жолы» романына қатысты сұраққа жауап бере алмағаныма қатты ұялдым»  

Ермахан Жұмкенов:

«Достарым: «Немене, жәй өмірде қыз таба алмадың ба?» деп сұрады. Жауабым: қызды үй тұрмысында ғана жете танисың, ұғасың . Мен ата-әжемнің қолында өстім. «Үйге осы жолы келін әкел» деп отыр. Алла бұйырса, биыл мен үйленем, оған мөр қойылған».

«Бұл жобада қыздардың да, ұлдардың да тарапынан дұрыс емес істеген әрекеттерін болашақта басқа жастар қайталамасын деген тілегім бар.  Осы бағдарламаға қатысқалы бері қазақ тілін жақсы меңгеріп алдым. Бұған дейін орысша сөйлейтінмін. Әжем орыс әдебиетінен сабақ берді, кішкентай кезімнен орысша кітаптар оқыдым. Жалпы, жобада өзімді 99 пайыз шынайы көрсеттім. Білмегенімді білемін деп өтірік айтқан сәттерім болды».

«Абай жолы» романына қатысты сұраққа жауап бере алмағаныма қатты ұялдым.  Романды бала кезімде оқығам.  Ант етім айта алам, авторын Әуезов екенін білдім, бірақ дұрыс емес болса ше деген күдігім басым болды. Одан гөрі білмеймін дегенім дұрыс болар деп шештім. Қазір «Абай жолын» қайта оқып жүрмін, бірінші томының жартысына келдім».

«Ұлым осы жобада қазақша пікірін жеткізіп үйренді» 

Мухаббат, Тимурдың анасы:

«Анам қазақ, әкем ұйғыр. Ұлыма осы жобаға қатыс деп өзім айттым. Қыздың мінез-құлқын, қылығын, қолынан не келетінін - бәрін осы жерде білесің. Тимур бұл жерде қазақша тілді үйренді. Ол кішкентайынан орыс мектепте оқыған, орысша ортада. Ұлымды ер қылып тәрбиеледім. Ер-азамат болашақ жарын өзі таңдауы қажет, өйткені ол - еркек. Оның таңдауы дұрыс болады деп сенем және онымен келісемін».

«Ұлым жұбын тапқанда жүрегім жарылардай қуандым!»

 Қарлығаш, Нұрланның анасы:

«Жасым елуден асты. Ұлымды өзім жалғыз бақтым. Ата-әжесі қайтыс болған. Иманды ибалы қазақ қызын келін еткім келеді. Өзім ауылдық жерде өскесін осында қаланың қыздарын көрдім,  таң алдым. Мен ұнатқан қыздар болды, бірақ ұлымның таңдауына құлақ салдым. Баламның айтқанын тыдаймын ғой қашан да. Ұлым қызын таңдады! Таңдаған қызы «иә, мен Нұрланмен жұп болам» деген кезде  жүрегім жарылардай қуандым! Сегіз қыздың ішінде Жанарды келін қылып алғым келеді. Әке-шешесі риза боп осында жіберіп отыр ғой, олар да қарсы болмайды деп  ойлаймын».

 «Тарихты шала білемін... ұятқа қалған жерлерім болды» 

Тимур Ибрагимов:

«Әр адам қателік жібереді. Спорт мектебін бітіргенмін. Тарихты шала білемін, сондықтан ұятқа қалған жерлерім болды.  Осы жобада өмірімде жасамаған, шаруашылықта қажетті  көп дүниені үйрендім: қой қырқып, мал сойып, ет жіліктеп».

«Еркекте мінез болу керек, ал менің мінезім бар. Егер маған бірдеме ұнамаса, бұрылып алып кете берем. Бұл жобада көңілімді қалдырған дүние болмады».

«Мақсат тек үйлену емес - жастарды тәрбиелеу. Қазір көбісі ата-анасын тыңдамайды, ақылдаспайды, ал мында тәрбие алады. Біз өзімізді қайта тәрбиелеп жатырмыз. Жақсыға  баулып жатыр».

«Анаммен қатынасымыз жақындай түсті, бұрын анама көңіл бөлуге мұршам болмапты»

Нұрлан Қарымсақов:

«Осы жобада көп достар таптым. Анаммен ара-қатынасымыз жақындай түсті. Бұрын жұмысбасты болдым. Анаммен жақын араласуға уақыт көп бөлмегем. Ал осы жерде анаммен рухани дүниелерді айта бастадық».

«Басында қатты қобалжыдым, сұрақтарға жауап бере алмаған кездерім болды. Туған-туыстарым, мұғалімдерім телефон соғып: «Сен неге білмейсің?     деп сөкті. Сол білмегенімді қайта оқып, білімімді жетілдіріп жатырмын».

«Жұбымды таптым. Қыздың қылығы да тәтті, дауысына да тәнті болдым, сүйкімді, анама да ұнады. Үйленуге дайынмын. Ес білгелі тек анаммен өстім. Арба сүйредім, люстра құрастырдым,  даяшы да болдым. Қазір анамның жасы 56-да, ол менің үйленгенімді қалайды».

Еске салайық, 22 маусым сағат 15:00-де КТК телеарнасынан «Кел, келінім!» шоуының алғашқы маусымының аяқталуын жіберіп алмаңыздар!



 

Кеше9

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...