{metadescription}
Білім саласындағы жаңалықтар: Жалақы. Грант. Қызметке алу

Білім саласындағы жаңалықтар: Жалақы. Грант. Қызметке алу

Педагогтердің жалақысы қанша болады? Педагогтер жұмысқа қалай орналастырылады? Педагог мамандығына тапшылық бар ма? Олардың құқын кім қорғайды? Студенттер мен докторанттардың шәкіртақысы қаншалықты өседі ? Білім беру грантында не өзгеріс бар? Биыл 1-сыныпқа қашан қабылдайды? Мектеп формасы қандай болмақ? Латын графикасы қашан енгізіледі? Оқулықтар сапасы қашан реттеледі? Мектептер бейнебақылау жүйесімен қамтылды ма? Дарынды балаларға қандай қолдау көрсетіледі? Қала және ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығы қашан шешіледі? Мұғалімдерді курстардан өткізу жалғастырыла ма?

Студенттер мен докторанттардың шәкіртақысы қаншалықты өседі ?

2025 жылға дейін студенттер мен докторанттардың шәкіртақысын кезең-кезеңмен көтеру жоспарланып отыр. Білім алушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында мемлекет білім беру гранттарын ұсыну, жолақысын өтеу және оқудағы жетістіктерін ескере отырып шәкіртақы төлеу түрінде тиісті жағдай жасайды. Шәкіртақы мөлшерін ұлғайту мәселесі үнемі бақылауда тұр және бюджет мүмкіндіктеріне байланысты қарастырылады. Мәселен, бакалавриат студенттерінің ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақысының мөлшері 2005 жылғы 2 913 теңгеден 2020 жылы 26 186 теңгеге дейін кезең-кезеңімен ұлғайтылды.

2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап педагогика мамандығы бойынша бакалавриат бағдарламасында білім алып жатқан студенттердің шәкіртақысы 26 мыңнан 42 мыңға дейін, ал докторанттардың шәкіртақысы 150 мың теңгеге дейін көтерілді.

«Жастар – Отанға!» бағдарламасын жүзеге асыру жол картасының 12, 13 тармақтарына сәйкес, 2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақысын 100 пайыз, ал магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 75 пайызға кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген.

Педагогтердің жалақысы

2024 жылға қарай педагогтердің жалақысы 2 есеге артады. Енді мұғалімдер жұмысқа конкурс арқылы қабылданатын болады. Педагогикалық білім беру бағдарламалары бойынша білім алған түлектер алғаш рет жұмысқа қабылданатын кезде сертификаттаудан өтуі тиіс. Яғни өзіндік үлгідегі диплом алған соң сертификациядан өтеді. Сондай-ақ педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсетін азаматтарға қойылатын талап күшейтілді: егер бұрын оларға шекті балл 50, кейін 70 балл болса, биыл шекті бал 75-ке дейін.

Қаржыландыру

2021 жылдан бастап аудандық білім бөлімдерін басқару және білім беру ұйымдарын қаржыландыру облыстық деңгейге өтіп жатыр. Бұл өзгерістер өңірлер арасындағы білім бойынша алшақтықты төмендетуге, сондай-ақ жергілікті деңгейде жеткілікті қаржыландырумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Мемлекеттік білім беру гранты

Мемлекеттік білім беру грантының құнын 340 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылады. Ол оқытушылардың жалақысын көтеруге және жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын күшейтуге мүмкіндік береді.

Арнайы квоталар. Ғылымды қаржыландыру

Ғылымды қаржыландыру 2 есеге жуық өсті. 2020 жылы жаңа жобалар жүзеге асырылды. Байқауларды жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданды. Бұған дейін конкурстар үш жылда бір рет өткізілетін. Үш жылдың ішінде ғылымда көп нәрсе өзгеретіні анық. Және конкурс нәтижесінде грант ұтып алмаған ғалымдар өз бағын сынау үшін тағы үш жыл күте алмайды, тіпті ғылым саласынан кетіп қалулары мүмкін. 2020 жылы 5 конкурс өткізілді.

Ұлттық ғылыми кеңестің құрамы жаңартылып, жұмысының жаңа қағидалары бекітілген. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама балдары бұған дейін ескерілмесе, қазір сараптама балдары да, Ұлттық ғылыми кеңес балдары да қосылып, әрі қарай сараланған тізім жасалады. Көп ұпай жинаған жобалар тиісті қаржыландыруға ие болады. Ұлттық ғылыми кеңес енді ашық жұмыс істейді, жұмыстың онлайн-трансляциясы мен барлық отырыс бойынша жазба жүргізіледі. 2021 жылы Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама мамандарына аудит жүргізіледі.

Педагогтерді қызметке алу

Мектеп директорларын тағайындау тәртібі өзгертілді. Енді балабақша меңгерушілерін, мектеп, колледж директорларын жаңа жүйе бойынша тағайындайды. Мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді конкурс арқылы қабылдау енгізіледі. Яғни мұғалімді жұмысқа қабылдауға қатысты шешім тек директорларға тәуелді болмайды.Қазір педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша қолданыстағы жүйе ашықтық қағидаттарына толығымен сай деп айтуға келмейді, сәйкесінше сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілуі мүмкін.Мәселен, кейбір өңірлерде бір пән бойынша бір ставканы төрт мұғалімге бөліп береді. Бұл өз кезегінде білім беру сапасына кері әсер етеді.
Сондықтан педагогтерді жұмысқа конкурс арқылы іріктеп, барлығына түсінікті әрі ортақ ереже бойынша қабылдау көзделді. Ережеде конкурстық іріктеудің нақты қағидалары бекітіледі. Бұл жұмыс цифрлық технологиялардың көмегімен автоматтандырылады. Сәйкесінше педагогті жұмысқа қабылдау туралы шешімді бір ғана адам емес, көпшілік қабылдайды. Педагогтердің кәсібилігіне және барлық талапқа сай болуына ден қойылады.

Басшыларды ротациялау

Бүгінге дейін білім беру саласында ротациялау тәртібін қолдану мүмкін болмады. Тіпті мемлекеттік ұйымдардағы басшылардың басым денімен мерзімсіз еңбек шарты жасалған, сәйкесінше көбі лауазымдық қызметті жылдар бойы атқарады. Дегенмен олардың арасында ұймдағы жұмысты жақсарту үшін бар күшін, ынта-жігерін салып еңбек етіп жатқан білікті басшылардың да бар екені жасырын емес. Тек жылдар бойы бір орында жұмыс істесе де тиімділігін жоғалтпағандар санаулы. Кейбір жағдайларда жұмысқа деген ынтаның төмендеуі, мотивацияның жоғалуы немесе сол ұйымдағы басқа мамандардың да қызметтік өсуге деген ниеті болуы – заңды ұғым. Яғни басшылардың жылдар бойы бір лауазымда отыруының өз артықшылығы да бар, кемші тұсы да бар. Жалпы басшыларды орындарымен ауыстыру үздік тәжірибені басқа да ұйымдарға енгізуге ықпал етеді. Бұл тұрғыда ротациялаудың нақты тәртібі бекітіледі.Ротацияны министрлік әзірлеген қағидалар бойынша білім басқармалары жүргізеді.

Бірінші сыныпқа қашан қабылдайды?

Бірінші сынып оқушыларының құжаттарын қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Бұл білім беру процесіне қатысушыларға ыңғайлы болу үшін қабылданған шешім. Ата-аналар мектепті алдын ала анықтап, оқуға қажет құжаттарды уақтылы тапсырады, балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз етеді. Мектеп басшылығы сыныптарды жинақтап, қажет оқулықтарды алдын ала сатып алады, педагогтер құрамын анықтап, сағат санын бөледі.

Бірінші сыныпқа өтініш беру

Өтінішті egov.kz арқылы беруге болады. Қажет құжаттар тізімі:

- Ата-аналардың өтініші (немесе оларды алмастыратын тұлға);

- Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;

- «Бала денсаулығы паспорты» 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;

- 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;

- 3х4 көлеміндегі 2 фото.

Өтініш бір жұмыс күні ішінде қарастырылады.

Мектеп формасы қандай болмақ?

Мектеп формасына қатысты шешімді ата-аналардың өзі қабылдайды

Оқушыларға мектепке міндетті мектеп формасында емес, еркін және ұқыпты киімде келуге рұқсат етілген. Бұл карантиндік шектеулер жағдайында ата-аналар мен оқушылардың ыңғайы үшін қабылданған шара.

ЖОО оқытушыларының жалақысы

Бүгінде ЖОО  педагогтарының жалақысы өте төмен. Мектептермен, колледждермен салыстырған күннің өзінде бұл көрсеткіш бәсекеге қабілетті емес. Сондықтан бұл жұмысты жалғастыру барлық ректордың алдында тұрған негізгі жұмыстардың бірі. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев ЖОО-да білікті мамандарды даярлау мәселесін көтеріп, ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеруге қатысты ұсыныс айтты.

Қашықтан оқытудан дәстүрлі режимге көшу

Енді қашықтан оқыту форматынан дәстүрлі форматқа көшіру қиын жұмыс болады. Пандемия аяқталғаннан кейін университеттер, колледждер мен мектептерде қай мөлшерде және қандай жағдайда қашықтан оқыту тетігін дамытамыз деген өте маңызды сұрақ пысықталуда. Бұл бағытта министрлік арнайы бағдарлама әзірлейді.

Мұғалімдерді курстардан өткізу жалғастырыла ма?

Мұғалімдерді курстардан өткізу жалғастырылады. Барлық педагог қысқа мерзімді курстардан өткізілді және ол жалғастырылады. Педагогикалық университеттерде педагог мамандарды дайындағанда осы міндетті пәнді, міндетті модуль енгізіледі. Біліктілікті арттыру курстарында да осы мәселеде тиісті модуль қосылады.

Педагог мамандығына тапшылық бар ма?

Педагог мамандығын таңдаған «Алтын белгі» иегерлері екі есеге жуық ұлғайды. Былтырдан бастап педагогикалық кадрларды дайындауды арттыру мақсатында ЖОО-на қабылдау талаптары күшейтілді. Педагог мамандығына  мықты түлектерді ғана қабылдауға ҰБТ-дің бұған дейінгі шекті балы 50 болса, қазір оны 75 балға дейін көтерілген. Осы мамандыққа түсуді ынталандыруға болашақ педагогтардың шәкіртақысы жоғарылады, қазір ол 42 мың теңге.

Педагог құқын кім қорғайды?

«Педагог мәртебесі туралы» заңының аясында педагогтардың еңбек жағдайлары жақсартылып келеді. Педагогтарды тән емес қызметтерге әрі көзделмеген есептерге тартудан босату шаралары қабылданды. Барлық облыста педагогтарың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестер ашыла бастады. Биыл бұл жұмыс аяғына дейін жеткізіледі. Және 2024 жылға қарай педагогтардың жалақысы 2 есе артылады.

Латын графикасын енгізу, оқулықтар

Оқулықтарды іріктеу рәсіміне қойылатын талап қатаңдатылды. Орта білімді дамыту үшін латын графикасын енгізе отырып, 2023 жылдан бастан 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңмен көшу көзделіп отыр. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылады. Математика, тілдер және информатика сияқты басым пәндерге ерекше назар аударылады.«Қазақстан тарихы» мен «Дүнижүзі тарихы» бірыңғай оқулықтар әзірленетін болады. Оқулықтарды сараптау және іріктеу рәсіміне сарапшылардың біліктілік деңгейіне қойылатын талап қатаңдатылды.

Дарынды балаларды қолдау

Республикалық пәндік олимпиадалар мен Президенттік олимпиаданың жаңа форматы енгізіледі. Олимпиадалар электрондық жүйелерді қолдана отырып, прокторинг және трансляциялар арқылы өткізіледі. Ауыл оқушыларына «Мың бала» ұлттық жобасы іске асырылады. Балалардың зияткерлік және шығармашылық дамуына қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты мемлекеттік және жекеменшік дамыту орталықтарында орналастырылады.

Мектептер бейнебақылау жүйесімен қамтылды ма?

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірде мектептерді бейнебақылау жүйесімен 100 пайыз, жылы әжетханалармен 99 пайыз қамтамасыз етілді.

Қала және ауыл мектебі білім сапасының алшақтығы

Білім беру жүйесінің негізгі проблемаларының бірі - қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы. Осы мәселені шешу жолдарын пысықталды. «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске қосылуда. Ол мемлекеттік тілдегі көркем әдебиеттің мектеп кітапхана қорында айтарлықтай жаңарту. Кітапханашылардың жалақысын көтеру.

Колледждерде мемтапсырыс жасау

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мен орналастырудың жаңа ережесі әзірленді. Әлемдік экономиканың дамуы мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында жалпы адами капитал сапасы маңыздылығының артуы жағдайында министрлік колледждерде жастарды негізгі дағдылармен әрі құзыреттермен қамтамасыз етуді мақсат етіп қойды. Бүгінде колледждерге академиялық дербестік беруде алғашқы қадам жаасалуда.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.