Алматы: демалыс күндері екі бала көліктің астына түсіп қайтыс болды
Алматыда осы демалыс күндері екі бала көліктің астына түсіп қайтыс болды. Бірінші оқиғада 12 жасар баланы қағып кеткен азаматтың көлік жүргізу куәлігі жоқ болып шыққан. Ол тіпті ізін жасыруға талпыныпты. Ал екінші жағдайда велосипед мінген 6 жасар жасөспірім автобустың астына түскен.
Автор: Әйгерім Асқарқызы
26.07.2010
Шухрат есімді жігіт жүргізуші куәлігі болмаса да, танысының көлігімен жолаушы тасып, ақша табуға шығыпты. Оның айтуынша, қайғылы оқиғаның алдында бір жолаушылармен сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласыпты. Солардан қашамын деген ол жолдың шетінде ойнап жүрген баланы байқамай қалған. Оқиға орнынан ізін суытпақ болған оның көлігінің нөмірін полицейлерге күәгерлер жеткізген.
Шухрат Жораев, күдікті:
- Сол жерде машинаға отырып, үлкен жылдамдықпен кетіп қалдым.
- Баланы машинаға іліп алып, біраз жерге дейін сүйрегеніңізді білесіз бе?
- Білмеймін.
- «Мерседес» көлігі кімдікі?
- Білмеймін...
Енді оған жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізгені және біреудің көлігіне рұқсатсыз отырғаны үшін айыптар тағылмақ. Өткен демалыста көлік апатынан тағы бір 6 жасар бала жапа шекті. Велосипед теуіп жүрген оны бағытын өзгертіп, тұрғын үйлердің ауласымен айналып өтпек болған автобус қағып кеткен.
Николай Никитин, күдікті:
- Сол маңда ойнап жүрген балалардан сұрадым: «Мынау қайдан шыға келді?», - деп. Балалар: «Ол жоғары жақтан велосипедімен түсіп келе жатқан. Біз оны тоқтатпақ болдық», - деді.
Екі оқиға да қараңғы түскен кезде орын алған. Жол полициясының қызметкерлері: “Мұндай қайғылы оқиғалар көп жағдайда балаларын қараусыз қалдырған ата-аналардың кінәсінен болады”, - дейді.
Мұқан Досымбаев, Алматы қалалық ЖПБ бастығының орынбасары:
- Түнгі сағат 11-де баласын іздемейтін не деген ата-ана?! Баланы түнгі сағат 11 шамасында қағып кеткен. Алты жастан енді асқан бала кешке велосипедімен жалғыз өзі ойнап жүрген.
Жыл басынан бері Алматыда 160 жол апатынан 4 жасөспірім қайтыс болып, 163 бала жарақат алған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!