{metadescription}
0:000:00
Тың дерек: Тұрар Рысқұловтың жерленген жері табылды!

Тың дерек: Тұрар Рысқұловтың жерленген жері табылды!

Қуғын-сүргін жылдары атылып кеткен ақтаңдақтарымызға қатысты тың деректер табылды. Ресей мұрағаттарындағы құжаттарға сенсек, қазақтың біртуар ұлдарының бірі Тұрар Рысқұлов НКВД-ның бірінші комиссары Генрих Ягоданың саяжайына жерленіпті.  Алты жарым мың адам көмілген  бауырластар зиратында Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов сынды қайраткерлеріміз де жатыр. Қаншама жыл сабылып іздеп, топ-топ тарихшы жіберіп таппай жүрген жауһарымызды деректі фильм түсірмек болған бір топ қандастарымыз тапқан. 

Жер жәннаты Жетісуда туып, қызыл империяның қылбұрауы құлын шағында мойнына түскен Тұрар Рысқұловты ақыры таптық. Бала күннен түрмені тазалап, тегінен тірісінде айырылып,  “Қырғызбаев” атанған қоғам қайраткері Мәскеу шетіндегі  “Коммунарка” зиратында жерленіпті. Кезінде НКВД-ның бірінші басшысы Генрих Ягода тұрған бұл саяжай 1999 жылға дейін құпия, жабық нысан болды. Қуғын-сүрген жылдары атылып, асылғандардың көбі осында көмілген. Шаң басқан құжаттардан ұлы қазақ туралы тілдей ақпарат алуға барған қандастарымызды қапияда қайран қалдырған сол бауырластар зиратының шырақшысы екен.

Қазақ 73 жылдан бері табанынан таусылып, таппай іздеген ақпарды ақтарып айтқан осы шіркеу қызметкері. “Коммунаркада” жерленген 4 жарым мың адамның тізімі арнайы кітап болып басылыпты. Бірақ одан бөлек тағы 2 мың адамның тізімі әлі жарыққа шықпаған. Арасында қарадан шығып хан болып, «Елім!»  деп еңіреп,  ақыры атылған ақтаңдақтарымыз бар. Әзірге тек үшеуі табылды. Осылайша деректі фильм деп жүріп,  аяқасты құнды дерекке дөп түскендер Тұрарды түгендеуді  «тоқтатпау керек»  деп түйді.

Еркін Рақышев, режиссер:

- Тұрартану орталығы 5-6 адамнан тұрады. Біз 5-6 видеосын таптық,  еш жерде жарық көрмеген. Оны да Фрунзе т.б. мұрағаттар арқылы таптық.  Оның бәрін іздеуге біздің шамамыз келмейді.

Режиссердің еш  жерде жарияланбады деп айтқан бейнекөріністерінде:   Тұрар Рысқұловтың 1925 жылғы съездегі мәлімдемесі де бар. Ашаршылық жылдарында Орталық комитеттің қателерін именбей  беттеріне басқан Алаш асылы Моңғолияны да аяқтан тұрғызып, мемлекет қып,  іргесін мықтап бергенін білеміз. Астанасының атын Ұланбатыр қойдырған да Тұрар Рысқұлов. Түсіру тобының табысына әсіресе 60-шы жылдардан бастап Тұрардың тағдыры жайлы тербеп 5 кітап жазған Шераға қуанды.

Шерхан Мұртаза, халық жазушысы:

- Политбюроға  үш рет хат жазған адам, Сталин бастаған. Міне,  миллиондардың жоғын жоқтаған адам. Ақыры сол миллиондардың бірі боп өзі де кетті.

Қырықтан енді асқанда қыршын кеткен қазақтың Тұрары туралы тым көп айтылмады, дерек те табылмады,толық, санаулы суреттері ғана болмаса. Қызыл империяның қатты өшіккені сонша, Тұрар Рысқұловты ату туралы бұйрыққа Сталиннің өзі қол қойыпты. “Халық жауы” деп айыпталған арыс 38-дің 10-шы ақпанында атылды. Ал жұбайы АЛЖИР-де 18 жыл айдауда болды, ұлы Ескендір түрмеде көз жұмды.

Тұрардың тағдырын толық зерттесе талай тарихи құнды қолжазбалар табылуы да ғажап емес. Қолжазба демекші, Тұрар Рысқұловтың өз қолымен жазған хаттарының бірқатары Американың мұрағаттарында көрінеді. Бір ғана “Коммунарканың” өзінен қазақтың талай тарланын табуға болады. Сүйегі болмағанмен,  құжат қалпында. Тарихын түгендеген ел үшін бұл да орасан олжа.

  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Дс

Сс

Ср

Бс

Жм

Сб

Жс

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

14

15

16

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

27

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде