Бибігүл Төлегенова сайлау комиссиясын үйіне шақыртты
Қазақ өнерінің аңызға айналған тұлғалары мен жұлдыздары да сайлаудан тыс қалмай, өз таңдауын жасап жатыр. Таңмен сайлау учаскесіне келген олар, ел өміріндегі елеулі оқиғаның ортасынан табылу әрқайсымыздың азаматтық парызымыз деп есептейді. Тіпті, биыл 90 жасын тойлатын әйгілі Бибігүл Төлегенова денсаулығына байланысты сайлауға бармаса да, үйде отырып дауыс беруге шешім қабылдапты.
Автор: Мақсат Мәлік
09.06.2019
Қазақ ән өнерінің бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың пәтеріне келген учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерін үй иесі қуанышпен қарсы алды. Биыл 90 жасқа толатын ән падишасы жақында аяғын ауыртып алып, сыртқа шығуы қиындапты. Алайда, саяси додаға қайтсем де үлес қосамын деген әнші үйде отырып дауыс беруге шешім қабылдаған. Он сегіз жасынан бірде-бір сайлауды қалт жібермеген қазақ өнерінің аңызы осылай өз таңдауын жасап, соңынан ақ батасын берді.
Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық әртісі:
- Қайсы алса да жолдары ақ болсын, ұзақ болсын! Еңбектеріне гүл бітсін, нұр бітсін! Бақытты болыңдар! Жолдарыңыз болсын! Бұл сайлау сіз үшін үлкен мереке. Сондықтан мерекелеріңіз құтты болсын!
Ал, таңмен таласа тұрған Роза Рымбаева сайлау учаскесіне бас сұғып, сенім артқан кандидатқа дауыс берді. Ел өміріндегі елеулі жаңалыққа елең етпеу мүмкін емес деген халық әртісі, қыз-қыз қайнаған саяси өмірден шет қалуға болмайтынын айтады.
Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі
- Егемендік Қазақстан алғаннан бері қаншама сайлау болды. Ол сайлауға тек қана дауыс беріп емес, өзімнің әндеріммен, үлкен-үлкен митингтермен жиналыстарда қатысып, сондай өзімнің өнеріммен де атсалыстым.
Қай жерге ат басын бұрмаңыз, болашаққа бағдар беретін сайлауды мейрамға балап, дауыс беруге ағылған халықтың қарасы қалың. Соның бірі Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің ғимаратындағы сайлау учаскесінде мерекелік көңіл-күй тіптен ерекше. Студенттер оркестрі әрбір сайлаушыны күмбірлеген күймен қарсы алуда.
Біржан Хасанғалиев, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры
- Біз келіп жатқан сайлаушыларға бір жағынан көңілін көтеру үшін осындай муызкалық нөмірлер, концерттік бағдарламалар дайындап, оларға көрсетіп жатырмыз. Олар да шыққан кезде бізге ризашылығын білдіріп жатыр.
Осылайша елдің және өзінің болашағына бей-жай қарамайтын өнер жұлдыздары өз таңдауын жасады. Келешек үшін әрбір дауыс маңызды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!