{metadescription}
Атырау облысы: Кәсіпкерлер тексеруші органдардың әрекетіне ашулы
Атырау облысы: Кәсіпкерлер тексеруші органдардың әрекетіне ашулы

Атырау облысы: Кәсіпкерлер тексеруші органдардың әрекетіне ашулы

Атырау облысында кәсіпкерлер наразылық білдірді. Доссор кенті әкімдігіне жиналғандар тексеруші органдардың әрекетіне өкпелі. Олар базардағы тауарларға сертификат талап етіп, болмаса ірі көлемде айыппұл саламыз деп қорқытады екен. Ал талапты орындайын десе, кәсіпкерлер мен саудагерлер сертификатты қайдан аларын білмейді.

Доссор кенті әкімдігіне жиылып шу шығарған азаматтар – шағын және орта бизнес өкілдері. Талаптары біреу – сертификатсыз тауарға бола жазалауды тоқтату. Олардың сөзінше, жергілікті саудагерлер осыған дейін сырттан тасымалданатын тауарларға сертификат алып көрмеген.  

Жанар Ахметова, кәсіпкер:

- Біресе «онлайн касса ал» деді, 65 мың теңгеге оны алдық. Тағы «сақтандыру ал» деді, оны төлетті, оны да жасадық. Тіпті жұмыс жасаудан қалып бара жатырмыз! Ал жақсы, оның бәрі өтелді, енді «сертификат ал» дейді. Сертификатты қайдан аламыз?

Раушан Тілеуғалиева, кәсіпкер: 

- Айыппұл 250 мыңнан жоғары дейді. Өзім бір айда 250 мың таппаймын. Қорғасқа барып, ала сөмке арқалап жүрдік. Қорғас сертификат бермейді. Айтсын, қай жақтан алады, сертификатты қайдан аламыз? Көзін тауып, айтсын. Жоғарыда, департаментте отырған ағаларымыз қайда? Неге мына қарапайым халыққа тыныштық бермейді? Әділдік қайда, шындық қайда?! 

Тауар өндірушілер мен ресми дилерлер ірі сауда орталықтары болмаса, шағын кәсіпкерлерге сапа сертификатын бермейді екен. Ал талап бойынша, барлық тауарларға техникалық, химиялық және бактериологиялық сараптама жасалынады. «Егер ішкі нарыққа еніп кеткен сапасыз тауарлар адам денсаулығына кері әсер етсе, оған басымызбен жауап береміз», - дейді құзырлы орган өкілдері.

Гаухар Тоғаева, Мақат аудандық тауар және көрсетілген қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

- Іріктелген сәйкессіз өнімдерге нұсқама бердік. Біріншіден, басқарма тарапынан, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің нұсқамасымен. Нұсқама орындалмады. Сол себепті бұл материалдарды сотқа жібердік. Әрі қарай сот шешімін шығарады.

Әзірге Мақат, Доссор кенттері бойынша сертификатсыз тауар сатып отырған 57 кәсіпкер анықталған. Егер сотта саудагерлер жеңілсе, олардың әрқайсысына ең кемі 250 мың теңгеден басталып 578 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Ал өз күнін өзі көріп отырған кәсіп иелері енді базарды жаппасақ, тығырықтан шығар «басқа жол қалмады» деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

30 тамыз

29 тамыз

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде