Бөлісу:
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram
Жолда қалған жолаушылар. Он үш облыста 1000-ға жуық көлік көмекке зәру
Елордада төтенше жағдай екінші күн қатарынан жалғасуда. Қала билігі қазынадан миллиондап қаржы бөлді. Қаржы бораннан қарға көміліп жолда қалған жолаушыларды құтқаруға жұмсалады. Өйткені құтқару шараларына – адам, жолдарды омбы қардан аршуға техника жетпей жатыр. Бүгін әупірімдеп, қолдағы бар күшті пайдаланып, Нұр-Сұлтанға 174 көлік жүргізушісі темір тұлпарларымен бірге жеткізілді. Екі-үш күндеп жолда қалғандарды тілшіміз күтіп алды.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.01.2020
- Қазір біз Нұр-Сұлтан-Щучинск бағытындағы автожолда тұрмыз. Көріп тұрғандарыңыздай, көліктің бірнеше түрі бар. Яғни, көлік легі Ақкөлден келе жатыр. Ауа райының қолайсыздығына, қарлы боранның қанша күннен бері сақталғанына қарамай, көлік жүргізушілері ешқандай да жол ережесін сақтап жатқан жоқ. Қазақстанның 13 облысында 1000-ға жуық көлік әлі де құтқару қызметіне зәру.
Мәселен, Ақмола облысында 300, Павлодар мен Ақтөбе өңірлерінің әрқайсысында 80-нен астам, Қостанай аймағында 100 көлік қар құрсауында қалған. Құтқарушылар ең алдымен жолаушыларды, қарға батып қалған жеңіл автокөліктерді шығарып жатыр. Ал жүк көліктерінің иесіне тек табиғаттың тосын мінезі басылғанын күту керек.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Жүк көліктері апат туындататын көліктер ғой. Ұзын, апаттық жағдай болып қалса, трассаның барлығын жауып тастайды. Содан құтқарылмай жатыр. Жеңіл көліктерді жіберіп жатырмыз. Боран басылса, күтеді. Қазір 69 эвакуциялық пункт бар. Сол жақта бәрі бар, тамақ та.
Десек те, «барлық жағдайды жасадық» деген бас полицейдің сөзін құтқарылған жүргізушілер растамады. 112 таратқан хабарламаға міз бақпаған олар жолға шыққанда, ай жарық болыпты.
Көлік жүргізушілері:
- Ақкөл деген кішкентай ауыл ғой. Қонатын қонақ үйлердің бәрінде орын болған жоқ. Машинада қондық.
- Біз шыққанда жол ашық болды. Щучинскіге келгенде тоқтатты.
- Біздің төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы өте нашар. Халықпен бұлай ойнауға болмайды. 40 шақырымды 17 сағатта жүріп өттік. Масқара! Жол жаман. Көрінбейді. Негізі, шықпаған дұрыс. Боранды күту керек.
Ақтүтек боран басталғалы еліміздегі күре жолдар 106 рет жабылған. 93 рет дауыл туралы хабарлама жасалыпты. Қауіпті ескертулерге құлақ аспаған 3900 жолаушы құтқарылған. Оның 375-і бала. Нұр-Сұлтан қаласының перзентханасына түскен 36 жүкті әйелдің екеуі қыз бен ұл босаныпты. Елордалық төтенше жағдай қызметі жол бойында темір тұлпарын тастап кеткендерге де іздеу салды.
Бауыржан Сыздықов, Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД басшысы:
- Автокөліктерді егелері тастап кеткен. Түсінікті енді, қар құрсауында қалды ғой. Біз соларды шығарып жатырмыз. Сіздерге айтатын өтініш, тұрғындар немесе қонақтар көліктерін жолға тастап кеткен болса, сол жолдарда көлігін шығаруға ГАИ-ге, құтқарушыларға хабарлассын.
Ел аймақтарында, әсіресе Ақтөбе, Ақмола, Қостанай және Павлодар өңірлерінде жолға шығу өте қауіпті. Сақтықта қорлық жоқ. Құтқарушылар жолаушылар жолға шыққанда, өзімен бірге жылы киім, азық-түлік алып шыққанды жөн санайды.
Ал бас шаһарда төтенше жағдайдың сақталғанына бүгін екінші күн. Билік бұқара аязда тоңып қалмасын деп жылыту құрылғыларын, қажетті техникаларды сатып алуға 200 миллион теңге бөлген.
Ал желдің қаттылығы соншалық, Назарбаев әуежайынан ұшақтар көкке көтерілмеді. Рейстер кейінге қалдырылды. Кейбірінің жұмысы тұралап қалды. Оқушылар да мектептен қалды. Табиғат бүгін-ертең әлі ашулы райынан қайтпауы мүмкін. Бірақ синоптиктер алда ауа температурасы төмендейді деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram