Бөлісу:
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram
Қытайға саяхаттаған азаматтар. Әуежайдан тікелей репортаж
Қытайдан елге қайтарылып жатқан азаматтарымыздың ішінде тағы 6 адамнан жедел респираторлық вирус белгілері анықталып, олардың 5-уі ауруханаға жатқызылды. Оның алдында 4 адамның қызуы көтеріліп, ауруханаға түскені айтылған болатын. Қазір арнайы сынамалар алынып, диагностикалық сараптама жүргізіліп жатыр. Ал Қытайға саяхаттап кеткен азаматтар бүгін елорда әуежайына келіп қонады. Дәл қазір елордалық тілшіміз Назарбаев әуежайынан студиямен тікелей байланысқа шығып тұр.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
28.01.2020
Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайы. Қытайдан оралған отандастарымыз дәл қазір қонуы керек еді. Бірақ әлдебір себептермен ұшақ межелі уақытынан кешігіп жатыр. Әуежайда санитарлық дәрігерлер бригадасы тексеру жұмысын жүргізуге дайын тұр.
Жалпы, бұған дейін Қытайдан 26 мыңға тарта адам елге оралса, соның ішінде 23-інде жоғары дене температурасы тіркеліп, төртеуі ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер қазір бұл науқастар нақты қандай дертке шалдыққанын айта алмай отыр.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Вирустардың арасында нақты айырмашылық болмағандықтан, оларды жедел респираторлық вирустық инфекциямен ауруханаға жатқыздық. Қан сынамасы алынды. Үш тәулік бойы диагностикалық сараптама жүргізіледі.
Бүгін ел аумағында Қытайдан келген тағы 6 адамнан жедел респираторлық вирус белгілері шықты. Біреуі Алматыда және бес адамнан тұратын Ақмола облысындағы отбасы. Қытайда болып келгендіктен, бесеуі де ауруханаға жатқызылған.
Жандарбек Бекшин, ҚР Бас санитариялық дәрігері:
- Қазір 6-қаңтардан кейін Қытайдан келген барлық шетел азаматтарымен байланыстамыз. Көрші елден келген барлық азаматтарға, әсіресе соңғы 14 күн ішінде келгендерге тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаға барып, тіркеуге тұруын сұраймыз.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қытайда 4515 адам коронавирусқа шалдыққан. 106 науқас көз жұмған. Әлемнің 15 елінде аталмыш қауіпті вирус жұқтырған 80 адам анықталып отыр. Айта кету керек, Қытайдың басқа қалаларын айтпағанда, дерт ошағы – Хубэй провинциясында қазақстандық студенттер бар.
Шахрат Нұрышев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
- Ең бірінші Уханьда қалған студенттерімізді шығару керек. Қалған студенттерге шектеу жоқ. Олар басқа қалаларда. Олар өз еркімен қайтып келе алады. 98 студенттің барлығымен сөйлесіп жатырмыз. Арасында «қайтпаймыз» деген де студенттер бар. Біз оларды күштеп әкеле алмаймыз.
Бүгінде Қытайда 1300 Қазақстан азаматы бар. Соның 635-і Хайнань провинциясындағы туристер, 204-і елшілік және басқа компания жұмышылары мен отбасы мүшелері, 445-і Қытай аумағындағы қазақстандықтар. Бұған дейін көрші елдегі отандастарымыздың саны көп болған. Басым көпшілігі студенттер еді. Біразы қазір қысқы демалыста елімізде, не Қытайдан басқа елге шығып кеткен.
Дегенмен 98 студентіміз әлі де қауіп аймағында қалып отыр. Елімізде 4500-ден астам науқасты қабылдай алатын орын әзірленген. Барлық өңірде қауіпті жағдайға байланысты оқу-жаттығу жұмыстары пысықталды. Сондай-ақ, соңғы 14 күн көлемінде Қытайдан келген азаматтар емханаға барып, денсаулық жағдайын тексертуі тиіс.
Қытайдан бүгін келуі тиіс саяхатшыларымызды әлі де күтеміз. Олар туралы ертең жан-жақты ақпарат ұсынамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram