Петропавлда жеке кәсіпкерлерге берілген балабақшаларға қатысты шу шықты
Петропавлда тұрғындар білім басқармасының басшыларын қызметінен қууды талап етуде. Өйткені жауапты мамандар қаладағы ең жақсы деген балабақшаларды жеке қолға өткізіп жіберген. Яғни сенімгерлік басқаруға ескі ғимараттар емес, су жаңа нысандар беріліпті. Осыған наразы жұрт білім бөлімінің басшылары ең жақсы балабақшаларды өз тамыр-таныстарына бөліп берді деп отыр.
Автор: Диас Нұрақын
12.02.2020
Инвесторлардың басқаруына берілген балабақшаға бару – әр баланың арманы. Өйткені жаңа нысандарда жеке спорт зал мен бассейнге дейін бар. Бала тәрбиесіне қажетті барлық құрал-жабдықпен де қамтылыпты. Алайда осындай заманауи ғимараттың жеке қолға өтіп кеткені қала тұрғындарының ашуын келтірген.
Мұрат Күшкеев, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Сенімгерлік басқаруға ескі, жағдайы жоқ балабақшаларды беру керек. Кәсіпкер өз қаржысын құйып аяққа тұрғызсын. Ал мынадай су жаңа нысандарға ақша салудың қажеті не? Онсыз да бәрі бар.
Қала тұрғындары балабақшалар білім бөлімі басшыларының тамыр-таныстарына берілген деп отыр. Шу шыққан соң бұл іске прокурорлар мен облыс әкімі де араласты. Ақыры Құмар Ақсақалов үш балабақшаны сенімгерлікке беру туралы шешімнің күшін жойғанын жеткізді. Тіпті облыс басшысы жеке кәсіпкерлерге ескіріп, азып-тозған нысандар берілу керек деген пікірде.
Гүлмира Кәрімова, СҚО білім басқармасының басшысы:
- Кеше әкім айтқандай, үш балабақшамен келісім-шарт бұзылды. Енді педагогикалық ұжыммен келісім-шарт жасалайын деп жатыр. Ал жаңа балабақшаларды жеке қолға беріп жібергендерді жазалау мәселесі отыз күн ішінде шешіледі.
Үш балабақшаны жеке кәсіпкерлерге беру кезінде қандай заңбұзушылық болғанын прокурорлар тексеріп жатыр. Сондықтан халықтың ашуын туғызған мәселеге әлі нүкте қойылған жоқ. Тіпті білім бөліміне жауаптылар «қызметінен кетсін» деген тұрғындар талабы да әзірге орындалған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!