Петропавлда балабақшаны жекеменшікке бергенде заң бұзылған
Мемлекеттік сатып алуды май-шелпекке айналдырған. Петропавлда прокурорлар үш балабақшаны жеке меншікке беру кезінде болған заң бұзушылықтарды анықтады. Олардың айтуынша, шенеуніктер тендер талабын толық орындамаған.
Автор: Салтанат Шырынхан
25.02.2020
Жауаптылар жаңа нысандарды жекеменшікке өткізу кезінде ведомствоаралық жоба тобын құрмапты. Сондай-ақ, тендер қорытындысын БАҚ беттеріне жарияламаған. Бұған қоса, біліктілік талаптары бойынша нақты деректер ұсынылмағаны анықталды.
Осыдан екі апта бұрын Петропавлда тұрғындар құзырлы орындардың су жаңа үш балабақшаны сенімгерлік басқаруға бергеніне наразылық білдірген. Олар мұндай мекемелердің білім бөлімінің басшылары тамыр-таныстарына үлестіргенін айтты. Содан кейін бұл іске прокурорлар мен облыс әкімі араласып, тексеріс жүргізді. Осылайша олқылық болғаны анықталған соң, атқамінерлер келісім-шарттың күшін жойды. Сөйтіп, Білім басқармасы мен Экономика басқармасының басшыларының орынбасарлары, қалалық білім бөлімінің басшысы, білім басқармасы құқықтық жұмыс бойынша бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ең жоғары жазаға қалалық білім бөлімінің басшысы Сара Рамазанова ілігіп, оған қатаң сөгіс жарияланды.
Нұржігіт Сапаров, Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры:
- Қараша мен қаңтар аралығында мемлекеттік балабақшалардың құрылтайшысы Қашқымбаев болған. Ол қалалық білім бөлімі басшысының азаматтық некедегі жолдасы. Сондықтан басшыны жауапқа тарту туралы тиісті мекемеге ескерту жіберілді. Тиісінше, Рамазановаға қатаң сөгіс берілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!