{metadescription}
0:000:00
Кедендегі келеңсіздікке депутаттар араласты

Кедендегі келеңсіздікке депутаттар араласты

Жаңа жүйенің жұмысын жетілдіру керек! Қазақ-қытай шекарасындағы жүргізушілер тағы наразылық білдірді. Төзімдері таусылған тауар тасымалдаушылар жақында ғана іске қосылған электронды кезектің кемшін тұстарын жіпке тізді. Бұл жолы жүргізушілердің талап-тілегін Мәжіліс депутаттары тікелей тыңдады. Құрғақ портқа елордадан арнайы барған өкілдер кедендегі кезек мәселесін үкіметке жеткіземіз деп уәде берді. Толығырақ тілшіміз Сымбат Ғалымбеұлы тарқатсын.

Екі апта бұрын қазақ-қытай шекарасындағы түйіткілді мәселені шешу мақсатында электронды кезек енгізілген болатын. Алайда бұл мақтаулы жүйемен Қытайға бүгінгі күнге дейін бар болғаны 300-ден астам жүк көлігі өтіпті. Жүйкесі жұқарған жүргізушілер мұндай қарқынмен қорғақ портта тағы бірнеше ай қаңтарылып тұрамыз ба деп алаңдайды. Сондықтан олар кемшін тұстары өте көп жаңа жүйенің жұмысын одан әрі жетілдіруді сұрап отыр.

Қорғас қақпасы қордаланған мәселені айтатын алаңға айналғалы қашан. Өйткені, кедендегі кезек жүргізушілерді әбден титықтатып бітті. Тығырыққа тірелген тауар тасымалдаушылардың талап-арызын бұл жолы елордадан арнайы келген мәжілісмен Азат Перуашев тыңдады.

- Электронды мықтылап істеп, күнделікті табло сияқты көрініп тұру керек. Он күндік көліктер мына күндері кіреді деп.

- Жолда тұрғанда біз білетінбіз қашан кіретінімізді. Қазір мына кезектен білмейміз қашан кіретінімізді. Кім-кімнің артында тұрғанын да білмейміз.

«Ақ жол» партиясының төрағасы «Нұр-Жолы» өткізу бекетіндегі көлік-логистикалық орталыққа да ат басын бұрды. Қазір мұнда жаңа жұмыс орындары ашылып, тіршілік қыз-қыз қайнаған. Себебі, Қытайдан келген жүктер алдымен осы кешенге жетеді. Бұдан кейін тауар тасымалдаушылар артық шығыннан арылды дейді орталық басшысы. Шенеуніктердің ендігі мақсаты электронды кезектің жұмысын одан әрі жандандыру.

Ерлан Диханбаев, Көлік-логистикалық кешеннің басшысы:

- Электронды кезек асығыспен жасалды. Жаңа жүйені құзырлы орган өкілдерімен әлі де әзірлеп жатырмыз. Бұл кезекті алдағы уақытта ІІМ-нің жүйесімен біріктіреміз. Сосын олар шекарадан өтетін көлік номерлерін тексереді. Сондай-ақ, жаңа жүйе кеден қызметі, шлагбаум және камераларға қосылады.

Еске салсақ, «Нұр-Жолы» өткізу бекетіндегі ұзын-сонар кептелістен құтылу үшін жүк көліктері Қорғастағы құрғақ порттың аумағына жіберіліп, олардың тізімі қағаз бетіне түсірілген еді. Сол тізімдегі жүргізушілер бүгінде арғы бетке бірі қалмай өтіпті. Шекарадан еш кедергісіз ағыламыз деп отырғанда тауар тасымалдаушылар электронды кезектің кедергілеріне тап болды.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

- Кезектің ашықтығы болу керек. Ешқандай құпия болмау керек. Кезек қалай жылжитыны да белгісіз. Олар артында кім тұр екенін, алдында кім тұрғанын білу керек. Кезек ашық түрде мониторинге шығарылып, кім қашан жүретінін білсе мұндай наразылық болмас еді. 

Кедендегі келеңсіздікпен танысқан Перуашев депутаттық сауал дайындап, түйіні шешілмеген мәселені үкіметке жеткізуге уәде берді. Ал атқамінерлер болса шекарадағы кезектен бір жола құтылудың ауылы алыс емес деп отыр. Ол үшін транзиттік ағынды ұлғайтып, тексеру аймағындағы жұмысты жеңілдету жоспарланған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде