«Базар жоқ, Мексика!» Отандық тағы бір комедия көрерменге жол тартты
«Базар жоқ, Мексика!» Бүгін еліміздің барлық кинотеатрларында жаңа комедия көрсетіле бастады. Бұл - қазақтардың шекара асып түсірген тағы бір тың туындысы. Махаббат пен достықты, туған жердің қадір-қасиетін насихаттайтын картинаны танымал режиссер Жеңісхан Момышев түсірген. Онда қазақ баласының жат елге оқуға кеткен сүйіктісін іздеп барып, шытырман оқиғаға тап болғаны суреттеледі.
Автор: Салтанат Шырынхан
10.11.2020
- Мексикаға қош келдің!
- Рақмет! Досым Ерлан, танысып қой!
- Ассалаумағалейкум! Қалайсың, Ерлан?
- Жақсы, рақмет, өзіңіз?
Ерлан - ауылда тұратын, қарапайым дәрігер. Ол Мексикаға оқуға кеткен сүйіктісін алаңсыз күтіп жүрген. Алайда ғашығы бір сәтте ойынан айнып, сондағы басқа жігітке тұрмысқа шығатынын жеткізеді. Осыдан кейін махаббат жолында тәуекелге бел байлаған жігіт жат елге досын ертіп кетеді. Ағылшын тілін білмейтін азаматтардың шытырман оқиғасы ұшақтан түскеннен-ақ басталады.
Жеңісхан Момышев, продюсер:
- Мексикада сьемканың барлығы түсірілді. 20 пайызын Қазақстанда түсірдік. Енді бір қатты ой қалдырып, айтатындай емес. Қызықты комедия. Өйткені комедия болғаннан кейін жанры басқа. Сондықтан оқиға толы, күлкілі жағдайлар болады. Мексикада қазақтың қалай жүргені, соны көрсетеміз.
Кино аптап ыстық пен қауіп-қатерге толы Мехико мен Пуэбла қалаларында түсірілген. Соңғысы төрт бірдей жанартаудың ортасында орналасқан, жан-жағы шөл мен тікенге толы. Картина таспаға былтыр түсірілгенімен, карантин кесірін тигізіп енді ғана халыққа ұсынылмақ. Басты рөлдегі актерлердің бірі - Қажет Смағұл. Ол мұхиттың ар жағында қалып қойып, еліне қайта алмай қалған қазақтың рөлін сомдайды.
Қажет Смағұл, актер:
- Ең біріншіден махаббатты насихаттайды. Өз махаббаты үшін күресіп, өз махаббаты үшін жердің түбіне де баруға дайын болу керек деген. Ондай махаббат жоқ болса дүниеміз арзан болып кетеді гой біздің. Өміріміз арзан болып кетеді. Ол бар. Бар деп білемін. Бар деп сезем. Болады да деп үміттенем.
Ерлан сүйіктісін таба ала ма? Екеуі бірге бола ма? Осылайша қазақтардың Мексикадағы бастан кешкен шытырман оқиғасы немен аяқталғанын білгіңіз келсе, еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастаған жаңа фильмді көруге асығыңыз. Тек медициналық бетперде тағуды ұмытпаңыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!