Жасы кіші қызға ғашық болған 17 жасар бозбала сотталды – Ақтөбе
Махаббаттың машақаты. Ақтөбеде өзінен екі жас кіші қызға ғашық болған бозбалаға сот үкімі шықты – 17 жасар Нұрасхан Тынымжанов үш жыл өмірін түрмеде өткізеді.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.11.2020
Сотталушы үкімді абақтыдан онлайн тыңдады. Бүгінгі отырысқа тек анасы, ғашығы мен оның анасы келді. Қаладағы лицейлердің бірінде оқитын Нұрасхан жыл басында 15 жастағы сүйіктісін ата-анасымен таныстырған. Бесіктен белі шықпаған жастар үйленгісі келетінін де айтады. Бірақ оқушылардың бұл қылығын үлкендер құптамайды. Сондықтан қол ұстасқан ғашықтар үш рет үйден қашып кеткен. Тіпті бірін-бірі құлай сүйген жастар өз еркімен жыныстық қатынаста болып, енді сол үшін 17 жастағы бозбала жаза арқалады. Өйткені 16 жасқа толмаған қызбен жақындасу қылмыс болып саналды. Прокурор Нұрасханды бес жыл бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, судья жазаны барынша жеңілдетті. Өйткені сотталушының да кәмелетке толмағанын, оқушы қыздың жақындарының кешірім бергенін ескерген. «Бозбалаға тағылған айып бойынша үш жылға түрмеге қамау – ең жеңіл жаза», - дейді судья.
Киятбек Мырзабеков, Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
- Аталмыш баптың санкциясында тек бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескеріп, Тынымжановқа көзделген ең төменгі шектен төмен жаза, яғни үш жыл бас бостандығынан айыру дұрыс деп есептеді. Осы баптың санкциясын ескеріп, сот бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауға құқылы емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!