{metadescription}
«Шариғаттан аттамадым». Шымкентте шырақшы қабірлерді қиратқан
«Шариғаттан аттамадым». Шымкентте шырақшы қабірлерді қиратқан

«Шариғаттан аттамадым». Шымкентте шырақшы қабірлерді қиратқан

Мазарды мазаққа айналдырған! Шымкентте зират шырақшысы қабірлердің басына орнатылған көк тастарды бүлдірген. Құлпытасқа салынған сурет пен қоршау «дінге жат» деген шырақшы бейнелерді қашап өшіріп, қоршауларды алып тастапты.

Бақилық болған туған-туысына құран бағыштауға келгендер полицияға арыз түсіріп, «кінәлілер жазалансын» дейді. Бүлінген мазарды тілшіміз көріп келді.

Бейітте бес туысы жатқан Нүрия Ғабдулина мазардың бүлінгенін жақында ғана біліпті. Анасы мен ағасына қойылған көктаста марқұмдардың суреті салынған екен. Сол бейнелерді бәзбіреу қашап тұрып өшіріп тастаған. Тіпті көктасты талқандағаны былай тұрсын, қабірге қойылған қоршаудың өзін қиратып кеткен.  

Нүрия Ғабдулина:

- Есімізден тана жаздадық. Не суреті, не қоршауы жоқ. 3-ақпан күні көре сала, полицияға арыз бердік. Тағы бір аптадан кейін келсек, тағы бір қабірдің басындағы бейнені қашап тастаған. Сонда бұлар қазірге дейін бейітті аңдып, марқұмдардың ескерткішін қорлап жүр.

Мұсылман мазарында жүзден астам адам жерленген. Ескілері жәй төмпешік болып қалса, кейінгілерінің басына көктастан ескерткіш қойылған. Құлпытастағы жазу сол күйі тұр. Ал марқұмдардың суреті мен жан-жағындағы қоршауы бұзылған. Қазір мұнда 10-нан астам қабірдің тас-талқаны шыққан.

Светлана Ғабдулина:

- Қалай болса солай қашап өшірген. Мысалы, мынау менің әкеме қойылған көктастың астындағы іргетасына дейін жұлып алып тастаған да, плитасын жерге қадай салған. Тіпті туған және өлген күні көрінбей қалыпты.

Құлыптастарды қиратып, аруақтарды қорлады деген осы зираттың  шырақшысы болып шықты. 37 жылдан бері айналадағы бірнеше қорымға қарайлап жүрген Юлдаш Расулметов: «Өлгендердің тасына сурет салып, қоршау салған дұрыс емес» - дейді. «Мұндай нәрсе аруақтарды қинайды»  деген ақсақал мен оның жамағаты көктасты қашау үшін арнайы аппаратпен жұмыс істепті.

Юлдаш Расулметов, шырақшы:

- Сурет пен ит бар жерге періште келмейді. Мұндайда аруаққа қанша құран бағыштап, құдайы ас берсең де, сауабы болмайды. Сондықтан біз түсінген адамға жақсылық жасап жатырмыз. Бұл уағызда айтылады. Біз имамдармен кеңесіп, көпшілікпен ақылдасып, осылай шештік.

«Өзім білемдікке» салынған шырақшы құлыптастардағы бейнелерді өшірумен былтырдан бастап айналыса бастапты. Тіпті жақынын жерлеуге келгендерге де «бейнесі жоқ белгі қойыңдар» деп үгіттейді екен.

Бүлінген бейіттердің ішінде мына қабір де болған. «Құлпытаста фото болмауы керек» деген шырақшы мен оның жамағаты фотоны қырып алып тастаған. Тек марқұмның туыстары шағымданған соң, бәрін қалпына келтірген. Қазір қоршауда, құлпытастағы фото да қаз-қалпында.

«Шариғаттан аттамадым» деген шырақшы енді осы істегеніне жауап береді. Полиция «өлген адамдардың мәйіттерін және олар жерленген жерді қорлау» бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде