Вакциналау науқанына қатысты мәліметтер
Ертеңнен бастап электронды үкімет порталында вакцина алуға алдын ала онлайн жазылу басталады. Порталға тіркелген әр азамат өтініш бере алады. Ол үшін тек қай медициналық мекемеде екпе алғыңыз келетінін көрсетсеңіз болғаны.
Автор: Ербол Тұрымбет
07.04.2021
Ал вакцина алар алдында ПТР-тест тапсырудың қажеті жоқ дейді денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері. Биыл алғашқы жартыжылдықта 6 миллион қазақстандықты вакциналаймыз деген министрлік шаруаға шындап кіріспекші.
Министрлік 6 миллион адамды вакциналап үлгере ме, дайындығы қалай?
Сену қиын. Себебі, ақпаннан бері небәрі вакцинаның екі бөлігін салдырғандар саны 80 мыңға жетпейді. Ал сәуір айының өзінде 2 миллион қазақстандыққа екпе салынады деген сөзінен министр Цой танбай отыр. Бірақ осы жерде министрлік өзі айтқан көрсеткішке қатысты әңгімені тағы бір құбылтты.
Министр Алексей Цойдың айтуынша, сәуірде 2 миллион адамға вакцина салуға жағдай жасалады. Қалғаны халықтың өзіне байланысты. Екпе салдырудан бас тартпаса ғана осы көрсеткішке жетеміз деп отыр. Ал елде ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін халықтың кемі 55-60 пайызы вакцина қабылдауы керек.
Осы орайда әңгіме тек ресейлік «Спутник V» төңірегінде болып отыр. Осы айда елімізге 500 мың доза жеткізетін өзге өндірушілердің кім екені әлі жұмбақ. Ал «Пфайзер» вакцинасымен келісім ұзаққа созылып жатыр.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бүкіл өндірушілермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Оларға қоятын шартымыз – қолайлы бағада беру және жылдам жеткізу. Көбісі жеткізіп беруге қарсы емес. Бірақ жыл соңына қарай немесе келер жылдың басында дейді. Біз олай күте алмаймыз. «Пфайзер» бойынша да жағдай солай.
Қазақстан осыған дейін ресейлік вакцинаны ғана тұтынатын болып келген еді. Айтып отырған өзге өндірушілерден алатын 500 мың доза вакцинамыз кеше өткен Үкімет отырысында пайда болды. Жуырдағы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың вакциналаудың тым сылбырлығын айтқан қатаң сыны да әсер етсе керек. Ал вакцина қабылдар алдында ПТР-тест тапсырып керегі жоқ дейді министрліктегілер.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Кісіге қаражат жағынан қиын болады деп ойлаймын және де бір жағынан ол тиімсіз, ысырап. Өйткені қазір ПТР-тест тапсырып, ертеңгі күні вакцина алуға барған күннің өзінде сол уақыттың ортасында да ол кісінің ауру жұқтырып алуы ықтимал. Сондықтан бүкіл дүниежүзінде де, қазірде де ПТР-тест тапсырудың керегі жоқ деп айтылады.
Сәуірде 2 миллион қазақстандықты қамту үшін араға уақыт салып, «Спутник V» 300 мыңнан жеткізіліп отырылады. Медициналық мекемелерден бөлек, сауда ойын-сауық орталықтарында да вакцина салу орны ашылады. Әр адам одан бас тарта алады және де өзі қалаған вакцинаны салдыруға құқылы.
Ал әлі күнге вакцина салдырмаған министр Алексей Цойдың өзі қазақстандық ғалымдардың жасап жатқан «Қазковид-ин» вакцинасын күтіп жүр. Аталған вакцинаның бірінші сериясы шығарылған. Қазір клиникалық зерттеулердің соңғы есебі жасалып жатыр. Ол сәуірдің аяғында дайын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!