Шымкентте көлік жүргізушілері газ іздеп сабылып жүр
Шымкентте автогаз тапшы. Бірнеше күн бұрын ғана 20 теңгеге қымбаттаған сұйық отын кешеден бастап мүлдем жоқ. Сондықтан көлігі тек көгілдір отынмен жүретін жүргізушілер қаланы шарлап газ іздеп жүр. Ал сұйық отын бекеттері талонмен ғана сатуда.
Автор: Бек Әбиев
11.06.2021
Сарапшылар мен жүргізушілер автогаз тапшылығы мен бағаның қымбаттауына өзара сөз байласып алған кәсіпкерлерді кінәлайды.
Шымкенттің газ құю бекеттерінде кешелі бері дүрбелең. Көліктеріне құятын газ таппағандар жанармай құю стансаларын шарлап жүр. Жүргізушілердің айтуынша, сұйық отын тапшылығы бір аптадан бері сезіле бастаған. Бұрын 60-70 теңгеден сатылған газ бағасы бірден 20 теңгеге қымбаттаған. Бірақ соның өзін сатып алу мүмкін емес.
Жандос Қосақбаев, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Таңертеңнен бері бері іздеп жүрмін, таппадым.
- Қанша бекетте болдыңыз?
- Бесеуінде. Талон сұрайды. Қандай талон, құрып кеткір. Бағасы бірден көтеріліп кетті ғой, не деген баға ол, 85 теңге дейді! Бір жерге барсаң 89 теңге дейді!
Төребек Құсанов, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Барлық бекетте жоқ. Карточка дейді. Бірдеңе сұрайды, болса да қымбат қой, 85 теңге. Алдында 67-ден бастады ғой. Бір апта болды қымбаттағанына.
Арзан газбен жүріп үйренгендер енді амалсыз қымбат бензинге көшпекші. Ал автогаз санаулы жанармай құю бекеттерінде бар болғанымен, ұзын-сонар кезек жоқ. Сөйтсек, оның өз себебі бар екен.
Дәл қазір Шымкентте автогаз бірнеше газ құю бекетінде ғана бар. Соның бірінде сұйық отынға ақша емес, талон ұсынуың керек. Талонның өзі тапшы. Жүргізушілер талон таппай сандалып жүр.
Камерадан қашып жүрген бекет қызметкерлерінің өзі талон қайдан берілетінін «білмейміз» дейді. Ал жүргізушілер бұл тапшылық «сөз байласқан кәсіпкерлердің әрекеті» дейді. Олардың пікірін сарапшылар да қолдап отыр. Шымкенттегі жанар-жағар май қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров мұнай өңдеу зауытындағы 15-тен астам қор ұстаушы бағаны «қолдан қымбаттатуы мүмкін» дейді. Қор ұстаушылар – мұнайды зауытқа әкеліп өңдетіп сататындар.
Қайыпбек Қамбаров, Жанармай қауымдастығының төрағасы:
- Қор ұстаушылар, мұнай ұстаушылар өз еркімен сата бастады. Кімге сатады, қалай сатылады, қандай бағамен, кімге? Міне осыдан басталады. Әкімдік еш қадағалай алмай қалды. Реттеу, есеп, сараптама деген жоқ.
Бәсекелестікті қорғау департаментіндегілер автогаз тапшылығын мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылғанымен түсіндірді. Шымкенттің сұйық отынға деген қажеттілігі айына 6 мың тонна болса, қазір тек 4 жарым мың тонна келіп жатыр. Бағаның қымбаттауына батыстан тасымалданатын жол шығыны қосылған дейді. Бірақ бағаны қолдан өсіріп жатқандарға тексеру жүргізіп жатыр екен.
Қанат Жанқалов, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы департаментінің бөлім басшысы;
- Алған табысынан үш пайыз көлемінде айыппұл салынады. Одан бөлек тапқан табысынан істеп тапқан табысы сот шешімімен конфискация болады, мемлекеттің бюджетіне тәркіленеді.
Былтыр энергетика мен экономика министрлігі бағаны шектеу бойынша бұйрық шығарған. Бірақ ол ереже наурыздан бастап күшін жойған. Сондықтан қор ұстаушылар қонышынан басып отыр дейді сарапшылар. Бірақ бес күннен кейін мұнай өңдеу зауыты іске қосылуы керек. Сол кезде шарықтаған баға қайта түседі деп күтілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!