{metadescription}
Өртенген көліктердің құнын кім өтейді?
Өртенген көліктердің құнын кім өтейді?

Өртенген көліктердің құнын кім өтейді?

Алматыда бүлік кезінде бүлінген, өртенген көліктердің санын полиция әлі есептеп жатыр. Соңғы оқиғадан соң есін енді жиып жатқан көлік  қожайындары енді не істейді? Сақтандыру компаниялары жанып кеткен көлік құнын толық өтей ме?

- 5-нен 6-сына қараған түні полиция көлігін өртепті, ал мынау менің көлігім ...

Салоннан шыққанына тоғыз ай да болмаған Рафаэль Абдрашитовтің жаңа көлігі түгі қалмай жанып кеткен. Дәл Республика алаңының артындағы ауланы да аттандағандар ылаңдаған. Отқа оранған сәті осы жерден өтіп бара жатқандардың камерасына түсіп қалыпты.

Рафаэль Абдрашитов, Алматы қаласының тұрғыны:

- Таңертен атыс сәл саябырлаған кезде келіп көлікті көрдік. Түгі қалмай жанып кеткен. Сол күні полицияға хабарласқанмен ешкім жауап бермеді. Араға үш күн салып бір-ақ келді. Көрші үйде тұрамын. Атыс басталғанда көлікті басқа жаққа қойсам ба деп ойладым. Бірақ темір адам жанынан қымбат емес қой. Не де болса жағдайдың тынышталғанын күттім.

Өртенген көліктер қаланың тек орталығында ғана емес, шеткі жақтарында да көп. Осы күндер аралығында үреймен үйінде отырғандар кешеден бері ғана жанып кеткен темір тұлпарының қаңқасын көруге шықты.

Алматыдағы Райымбек пен Сайын көшелерінің қиылысы. Куәгерлердің айтуынша, 5-6 қаңтарда бүлікшілердің бір бөлігі осы жаққа шоғырланып жолдың бір бетін жауып тастаған. Одан кейін қарсы беттегі жанармай бекетіне от қойған. Артынша жапсарлас орналасқан көліктерге техникалық қызмет көрсету орталғына лап берген. Ә дегенде ішке кіргенде сол жақ қанатта далада тұрған көліктердің түгі қалмай, күлі қалған.

Бұл ғимаратқа от қоймас бұрын сыртта тұрған дүкенге кіріп заттарын үптеп кеткен. Тек содан кейін от қойған. Бүлік болған уақытта бұл аумақта 11 көлік болған. Оның екеуін ұрласа, қалған тоғызын жағып жіберіпті. Осы рталықтың қожайынымен тілдестік. Алдын ала есеп бойынша келген шығын көлемі қандай?

Кирилл Нагиев, Техникалық қызмет көрсету орталығының қожайыны:

Ғимаратты есепке алмайтын болсақ, шамамен, тек өртенген көліктер мен іштегі құрылғы, заттардың құны 120 миллионнан асады. Жалпы 11 көлік болды.

- Көлік қожайындарынан шағым түсіп жатқан жоқ па? Ары қарай  қадамыңыз қандай болмақ?

Кирилл Нагиев, Техникалық қызмет көрсету орталығының қожайыны:

Полиция департаменті мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына арыз жаздық. Ары қарай не істеу керек екенімізді айтатын олардың нұсқаулығын күтіп отырымыз.

Сақтандыру мәселесіне келер болсақ, жауап әзірге екіұшты. Елдегі жүргізушілердің көбі стандартты келісімшартқа отырған. Ол сақтандыру қағазы тек жол апаты болып, оны полиция тіркегенде ғана жарамды. Ал ерікті жасалатын сақтандыру қызметін алғандар көп емес. Өйткені құны қымбат. «Бірақ осындай оқыс жайттар келісімшартта көрсетілуі мүмкін»- дейді мамандар.

Виталий Веревкин, Сақтандырушылар қауымдастығының төрағасы:

- Егер көлігі өртенген адамда ерікті түрде жасалған КАСКО атты сақтандыру келісімшарты болса, бірінші кезекте қандай жайттарды сақтандыру өтейтінімен танысуы қажет. Әр келісімшарттың тармағы әртүрлі. Сондықтан өзі тіркелген сақтандыру компаниясына барып арыз жазуға тиіс. Егер олардың ұсынысымен келіспесе, құзырлы органға арыз жаза алады.

Рафаэль Абдрашитов та бүгін өзі тіркелген сақтандыру компаниясына жүгінді. Бірақ әзірге сақтандыру компаниялары әліптің артын бағамыз деген сыңайда ешкімге ешқандай уәде беріп жатқан жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде