Бөлісу:
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram
Базар аралаған мәжілісмендерді көре сала саудагерлер айқайға басты
Мәжілісмендер министрсіз базар аралады. Депутаттар мұның алдында ұсыныс жасағанымен, үкімет мүшелері оларға жолсерік болғысы келмеген сыңайлы. Бүгін депутаттардың өңірлерге іссапары басталды. Кімнің қайда баратыны бір ай бұрын белгілі болған.
Автор: Әзиза Төленби
17.02.2022
Арнайы мекемелер дайындалып та қойған. Бірақ бүгін астанадағы ірі көтерме сауда орталығына барған мәжілісмендер сценарийде жоқ жағдайға кезікті.
Таңғы төртте тіршілігі қызатын базардың бүгінгі қозғалысы қатаң ережеге бағынған. Кіріп-шыққан көліктен ақша жинайтын аппарат сөніп тұр. Бұған жүргізушілер дән риза. Мұның бәрін полиция қатаң бақылап жүр. Әдетте шақырмасаң төбе көрсетпейтін тәртіп сақшыларынан көз сүрінеді. Ал насыбай сияқты тыйым салынған заттар қуысқа тығылған. Базар әкімшілігінің депутаттарды қарсы алуға ыждағаттылықпен дайындалғаны бекер емес екен. Бұл топтың кім екенін білген саудагерлер қонақтар кірмей жатып айқайға басты.
- Қазір айтсақ, орнымыздан айырыламыз. Еститін ешкім жоқ. Бұл жерде ешқандай еркін бәсекелестік жоқ.
Депутаттарды кіреберістен күтіп алған Бауыржан Сайдашев жұмыртқа сатады. Саудасын көтерме базарда жүргізіп жүрген. Бірақ жазылмаған заң бойынша мұнда таңдаулы бірді-екілі саудагерге ғана жұмыртқа сатуға рұқсат беріліпті. Бауыржанның монополияға арызданып жатқанын естіген базар басшылығы лезде жетіп келіп ақтала жөнелді.
Ержан Әлімбеков, «Шарын» базарының бақылаушысы:
- Бұл кісі карантин кезінде санитарлық тәртіпке бағынбаған. Біз сондықтан бұл кісіні базардың әкімшілігімен тәртіпке салдырып, бұл кісіні базардан шығарғанбыз. Бұл кісі сол себептен жанжал шығарып тұр.
Бауыржанның бағы бар, ал таңнан қоймада жүрген Ләззат Сопқанова қаласа да, қалаулыларды көрмей қалды. Отыз жылдан бері саудада жүрген әйелдің айтпағы көп еді. Шекарадағы жемқорлық, алыпсатарлардың көбеюі, Қазақстанда көкеніс, жемістің жоқтығы оны толғандырады. Базарда қарапайым тазалық жоқ. Депутаттардың қуанышына, Ләззаттың өкінішіне қарай, оны ешкім тыңдамады.
Ләззат Сопқанова, саудагер:
- Депутаттар келеді деп айтқан. Депутат көргем жоқ, білмеймін. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Біз қандай жерде отырмыз? Бір астана, Қазақстанның бір жерінде өркениетті базар жоқ қой, көріп отырсыңдар. Отырған жеріміз мынау! Қандай болу керек базар? Жағдай жасалмаған.
Біреуі барын айтып жан салса, енді біреулер қаша жөнелді. Ал депутаттар көпшілікті тыңдағысы келіп әлекке түсті.
- Келсеңізші, әңгімелесейік. Қорықпаңыздар, біз де сіз сияқты адамбыз. Біз ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттарымыз. Менің атым Лариса Павловна.
Тыңдай берсе базарда түйткіл шаш етектен. Ал базардың тұрақты клиенті болса да, мәжілісмен Елдос Абақанов бұл мәселелерді бүгін ғана біліп тұр екен.
Елдос Абақанов, Мәжіліс депутаты:
- Кейбір адамдар дайындалғаны көрініп тұр. Біздің келгенімізді көріп. Мен азамат ретінде әрдайым келіп тұрамын. Осы «Шарын» базарына болсын, көк базар болсын, Орталық базар болсын. Базарға өзім жиі келемін. Аптасына бір рет. Көбінесі апталық тамақ алуға келеміз. Кей жағдайда киім-кешек алуға да келеміз.
Елордадағы Байқоңыр ауданы еншісін алғанда жаңалану керек бірінші ғимарат осы «Шарын» базары болған. Төрт-бес жыл өтті. Баяғы жартас бір жартас. Ескі инфрақұрылым қаз қалпында. Әлі орталықтандырылған кәріз құбыры, су мен жылу жоқ. Саудагерлердің «жаңа базар салынады» деген жаңалыққа еті үйренген. Таңғаларлық ғажайып күтпейтін де сияқты.
Сонымен базарда басталған әбіргер бар-жоғы 300 минутта бітті. Депутаттар әкімдік өкілдері мен полицейлердің қорғауында Қазақстанның астанасын көкөніс пен жеміспен қамтамасыз етіп отырған көтерме сауда кешенін жарты сағатта аралап шықты. Оларды біреуі таныса, біреуі танымай қалды. Ал қалған жүзінің сұрағы естілмей қалды. Сонда да жылы суға қолын жуып, жылы жерге отырғысы келетін базардағы жұрт халық қалаулыларының асығыс аралауынан жақсы нәтиже күтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram