Украина аумағындағы қазақстандықтар елден шығарылады – жедел желі қосылды
Украина аумағында жүрген қазақстандықтар елден шығарылады. Оларды қақтығыс аймағынан жедел шығару ісімен сыртқы істер министрлігі айналысып жатыр. Киевтегі елшілік Отанына оралғысы келетін жерлестеріміз туралы ақпарат жинап жатыр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
24.02.2022
Дәл қазіргі уақытта Беларусьпен шекара жабылған, Молдоваға тек Одесса арқылы жету керек. Бірақ ол қауіпті екен. Ал Украинаның батысына көлікпен жетудің өзі қиындап барады.
Дархан Қалетаев, Қазақстанның Украина және Молдова республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Транспорттық коллапс басталды. Қазір Киевтен адамдар үш-төрт сағат шыға алмай жатыр. Жолдың бәрінде кептеліс. Барлық жерде блокбекет. Құжат тексеріп жатыр. «Жасыл дәліз» болса, онда азаматтарды Польша немесе Венгрияға жеткізуге мүмкіндік жасаймыз. Польшадағы елшілік келіссөз жүргізіп жатыр.
Сыртқы істер министрлігі жедел желіні іске қосты. Консулдықта 517 қазақстандық уақытша, 1113 жерлес тұрақты тіркеуде тұр. Елшілік қызметкерлері, олардың бала-шағасы, оқитын студенттер мен бизнесмендер кез келген уақытта көмек ала алады. Бүгінде 500-ден аса отандас еліміздің Киевтегі елшілігінен көмек сұрапты. Олар Украинаның батысындағы қауіпсіз деп саналған Львов қаласына көлікпен жеткізіліп жатыр. Әрі қарай Польша немесе Венгрия арқылы елге жетуге болады. Бірақ бұл жерде азаматтардың Еуропа елдеріне визасының жоқтығы қолбайлау болып тұр.
Бүгіннен бастап Қазақстан мен Украина арасында ұшатын ұшақтар да уақытша тоқтатылды. Air Аstana компаниясы 7-наурызға дейін рейске шықпайды.
Нұржан Малаев, ҚР Азаматтық авиация комитетінің департамент директоры:
- Air Аstana отандық әуе компаниясы ғана біздің мемлекеттен Украинаға рейс жасайтын. Бүгіннен бастап Air Аstana рейстері 7-наурызға дейін тоқтатылды. Билет бағасын немесе билет ауыстыруға мүмкіндік беріліп жатыр. Бірақ билетті 22-ақпаннан 7-наурызға дейін ғана ауыстырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!