Түркістан облысы, Бірлесу тұрғындары: Әкім халыққа тиесілі жерді сатып жіберген
Түркістан облысында ауыл тұрғындары әкімнің кабинетіне басып кірді. «Келес ауданындағы Бірлесу ауылының басшысы білгенін істеп отыр» - дейді жиналғандар. Айтуларынша, әкім тұрғындарға тиесілі жерді қалталыларға сатып жіберген.
Автор: Бек Әбиев
28.03.2022
Ал әлеуметтік мәселесін айта барған қарапайым халықты қабылдамайды екен. Наразы жұрт басшының кабинетіне лап қойды.
Бірлесу ауылында үш жылдан бері береке жоқ. Тұрғындар ауыл әкіміне қарсы. Ол ауылға тиесілі жерлерді сатудан басқа ісі жоқ дейді жиналған жұрт. Халықтың егін егіп, мал жаятын жеріне дейін бай-бағландарға үлестіріп жібергенін айтады. Әкімнің жер саудасына аудандағы лауазымды қызметте отырған күйеуі көмектесіп отыр дейді тұрғындар.
Қажымұқан Тұяқов, Келес ауданының тұрғыны:
- Күйеуі Әбдіәкім Қарабалаев жер маманы, кадастрда істейді, ауданда. Өздері келісіп, ешкімнің келісімінсіз барып, бар жерлерді өзі істеп, артық жерлерді шығарып конкурсқа қойып жатыр, ешкімнің рұқсатынсыз. Ол жер халықтікі.
Ауыл халқына жетпеген жер жеке адамдардың қолында. Олар тұрғындарға жалға беріп қыруар пайда тауып отыр дейді ашынған жұрт.
Құдабай Нұрбаев, Келес ауданының тұрғыны:
- Бос жатыр, ешкім екпейді, ешкім еккен емес. Жылда жерді 250-300 мың теңгеге сатып аламыз. Былтыр банкрот болдық. Диқаншылықтан. Жекеменшіктен жыл сайын 250-300 мыңнан жалға аламыз.
Мәселесін айта келген халықты әкім жолатпайды екен. 100-ге тарта тұрғын әкімнің кабинетіне басып кіріп жанжал шығарды.
Халықтың қитығына тиген Қарашаш Еркінбекова осыдан 12 жыл бұрын осы ауылда әкім болып тұрған уақытта пара алды деген күдікпен сотталып кеткен. Бірақ 10 жыл отырып шыққан соң өзінің жазықсыз екенін сотта дәлелдеп, қызметке қайта кіріскенін айтады. Ал бос жатқан жерлер заң аясында сатылды дейді.
Қарашаш Еркінбекова, Бірлесу ауылдық округінің әкімі:
- Конкурс ішінде, біз қатыса алмаймыз. Менің міндетім тек бос жатқан жерді анықтап, конкурсқа ұсыныс беру. Ар жағы жер бөлімінің жұмысы. Ал енді халық қанағаттанбаса, құқыққорғау органдары бар. Сол өзі негіздеп тексеріп, менің кінәм болса, жұмыстан алып тастайды.
«Келесі жылдың соңына дейін әкім боп отыруға құқым бар» деген басшы енді елді дүрліктіріп қол жинатып жүргендерді сотқа бермекші. Ал тұрғындар облыс әкімі мен прокуратураға арыз жазбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!