64 елордалық суши жеймін деп уланып, ауруханаға түсті
Суши жеп, оңбай ұшынған. Шикі балыққа құмартқан 64 елордалық демалысын инфекциялық ауруханада өткізді. Олардың бәрі қаладағы танымал шығыс мейрамханасының бірінен тамақтанған.
Автор: Әзиза Төленби
13.06.2022
Біраз уақыттан кейін өзін жәйсіз сезініп, жедел жәрдем шақыртыпты. Уланғандардың ішінде он бала бар.
Бірдей ауру белгілерімен келген тұрғындардың тамақтанған жері де бір боп шықты — Байқоңыр ауданында орналасқан шығыс мейрамханасы. Шағым көп болғасын полиция мен санитар дәрігерлер барып тексеріпті. Құжат бойынша 50 адамға қызмет көрсетеміз деген тамақтану орны нормаларға көз жұмып қойып, бизнесін қыздырып жатыр екен. Асхананың тазалығы, азық-түліктің сақталуына қатысты тексерушілерде сұрақ көп. Қазір сушидің бір бөлігі лабораторияда зерттеуден өтіп жатыр. Егер улану фактісі расталса, мейрамхана жабылады. Ал шикі балық жеп уланған 52 адам әлі күнге ауруханада. Дәрігерлер әсіресе жаз кезінде жарнамадағы суреті күшті тамақтарға сенбеуге шақырады.
Жаннат Пірәлиева, Нұр-Сұлтан қаласы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- 50 орынға арналған мекеме, тексеріс барысында 50ден асқан болып шықты. Және де технологиялық процесс дұрыс сақталмаған, бір бөлімшеде барлық тамақ жаңағы шикісі, піскен тамақтар бір бөлмеде дайындалып жатқан. Қоғамдық тамақтану орнында күнделікті жұмысқа келгенде жұмысшылар қолында ірің және инфекциясы бар ма, жоқ па соны күнделікті белгілеп отыру керек. Сол мәлімдеме жоқ болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!