Бөлісу:
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram
Қаржы пирамидасы: L-Capital басшыларын бостандыққа шығарып жіберген
Алматыда қаржы пирамидасына алданған тұрғындар қалалық прокуратурада шу шығарды. Олар осыдан бір жыл бұрын ұсталған L-Capital басшыларын отбасылық жағдайға байланысты бостандыққа жіберген құзырлы органдардың шешіміне қапалы.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
13.06.2022
Сан соғып қалған салымшылардың мәселесіне бүгін Нұр-Сұлтаннан Алматыға арнайы келген комиссия мүшелері қаржы пирамидасынан зардап шеккендерді емес, пайдаға кенелгендерді қабылдап, істі жылы жаппақшы дейді.
Бастапқыда консалтинг компания ретінде тіркелген ұйым жарты миллиард теңгеге жуық пайда тапқан. Іздеуде жүрген құрылтайшылары кейбір дерек көздеріне сенсек, қазір Дубайда жүр. Оңай олжа табамыз деп опық жеген жұрттың базынасын тілшіміз тыңдап қайтты.
Қала прокуратурасы ғимаратының қарсы алдына жиналған жұрт l-Capital-дың салымшылары. Олар осыдан үш жыл бұрын бірі үйін сатып, бірі несие алып, ірі компаниялардың акцияларын иемденеміз деген үмітпен қаржы пирамидасына қомақты қаражатты құйып отырған. Кейін, салынған ақша бірнеше есе боп, салымшының қалтасына түсу керек болған. Бірінші клиенттері кәдімгідей дивиденд алып жүрген. Алайда салымшылар саны 15 мыңнан асқан соң, пирамида ақша үлестіруді тоқтатқан. Пайдаға кенелеміз деген сол қараша қазір қаражатты өндіре алмай зар еңіреп жүр.
Наталья Игнатьева, салымшы:
- 2019 жылы LCapital компаниясына бардық. Олардың түсіндіргені бойынша, компания жәй ғана адамдардан ақша алмай, акцияларды сатып алып береді. Акция деп айтқаны, бұл кілт сөз болып тұр. Яғни компания өздерінің пирамида емес екендігін түсіндіргісі келген. Мен алданып 4 миллион теңге салдым. Компания сол ақшаға құнды қағаздар сатып алу керек болған. Сол үшін де сенімхат арқылы шот ашылды. Бірақ одан әлі бір тиын да түскен жоқ.
Бір жыл бұрын компанияның негізін қалаған 6 адам ұсталған. Алайда прокуратура бұлтартпау шараны отбасылық жағдайға байланысты жеңілдеткен. Алданғандар пирамида құрылтайшыларын бостандыққа жіберген құзырлы органдардың шешіміне ашынып отыр.
Бердібай Шахметов, салымшы:
- Мен осы lCapital-ға 20 миллион теңге бердім, шарт бойынша. Ол ақшаны өзімнің үлкен пәтерімді кішірек пәтерге ауыстырып. Мені алдап кетті. Бірақта кінә оларда бар. Бастықтардың жинағанынан зардап шеккендердің ақшасын қайыру керек. Оған прокуратурадан әзірше көмек болмай жатыр. Бір кезде жауып еді, оларды шығарып жіберді. Иманбеков дегені Дубайда қашып жүр, бәлен миллиард алып.
Тақырға отырған тұрғындар қолына плакат ұстап,прокуратураға басып кірді.
Салымшылар мен қоғам белсенділері өткен аптада осы мәселемен Нұр-Сұлтандағы Бас прокуратураға барыпты. Қадағалаушы орган бүгін арнайы комиссия жіберген. Енді сазға батқан салымшылар сол келген комиссия қаржы пирамидасынан пайда тапқандарды ғана қабылдап жатыр деп шу шығарды.
Бибінұр Шералиева, қоғам белсендісі:
- Ішіне пайда тапқандарды ғана комиссияның алдына кіргізеді. Шырылдап бақырып тұрған әйелдерді, ақшасын ала алмай далада қаңғып қалғандарды кіргізбей жатыр. Пайда тапқан адамдарды кіргізіп қойған. Қолынан қағаз жаздырып жатыр, бәрі жақсы деп. Ал ақшасын ала алмаған 1400 адамды кіргізбей жатыр. Прокуратура жалған ақпарат істеп, «маски шоу» ойнап жатыр халық алдында.
Прокуратураның мәліметінше, L-Capital басшыларына аса ірі көлемде алаяқтық жасады және қаржы пирамидасын құрды деген екі баппен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Осы іс бойынша 12 адам күдікті деп танылған. Оның бесеуі халықаралық іздеуде жүрсе, қалған жетеуінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Ал елордадан келген комиссия тек пайда тапқан салымшыларды қабылдап жатыр дегенді жоққа шығарды.
Бауыржан Төлендінов, Алматы қаласы прокурорының көмекшісі:
- Заң талаптарына сәйкес өткізіліп жатыр бәрі. Бізде былай, әрбір прокуратураға жүгінген әрбір адамды прокуратура қызметкері жеке қабылдайды. Айтылған мәнжайларды қарастырады және тиісті заңда көзделген жауапты береді.
Аяқасты байып кетем деген арманның аяғын аспаннан келтірген қаржы пирамидаcының құрығына түскендердің саны 1400-ге жуықтап қалған. Ал келтірілген залал 7 миллиард теңге. Енді қала прокуратурасы шырылдаған салымшылардың мәселесін қарайтын арнайы топ құрмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram