Бөлісу:
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram
Марқұм студенттің туыстары: Жиі ақша сұрайды деп, ауылға қайтқысы келген
Шымкентте жатақханада мерт болған студенттің жақындары Манап Өтебаев колледжінде шу шығарды. Марқұмның туыстары Нұрхат Дүйсен оқуға түскен күннен бастап ақша сұрауды жиілетті дейді. Тіпті 20 күн бұрын ғана оқуға аттанған жігіт ауылға қайтқысы келетінін жасырмаған.
Автор: Бек Әбиев
23.09.2022
Сондықтан марқұмның туыстары 15 жастағы балаға бас-көз бола алмады деп колледж басшыларын жауапқа тартуды талап етуде. Тіпті оны ұрған жоғарғы курс студенттерінің аты-жөні анық болса да, күдікті ретінде танылмағаны сенімге селкеу түсіреді дейді қара жамылғандар Түлкібаста 9-сыныпты бітіре салып Шымкенттегі Манап Өтебаев колледжіне оқуға келген Нұрхат Дүйсеннің мәйіті жатақханадан шықты. Кеше ғана 15 жастағы ұлды жер қойнына тапсырған ет жақындары бүгін екі күннен бері кешірім сұрамақ түгілі, қоңырау соқпаған колледжге басып кірді.
- Қайда директор? Неге тымырайып тұрсыз?! Мал бағып жүрсіз бе? Директордың орынбасары, неге жауап бермейсіз?
Басшыға телефон шалуға жарамаған қызметкерлерін колледж ішінде тізіп қойып желкелеген Нұрхаттың туыстары жатақханаға жауаптылар мен студенттің кураторларын іздеген. Соңғысын ғимараттың бір шетінде тығылып жүрген жерінен тауып алып жағадан алды.
- Сенің алдыңа кеп сабыр сұраймын ба? Айуан!
- Маған айтады, не болды, не жағдаймен келдің дейді.
Нұрхат отбасындағы төрт қыздың ішіндегі жалғыз ұл болған. Анасының айтуынша, қыркүйектің бірінен бастап Шымкентке оқуға кеткен шәкірт үздіксіз ақша сұраумен болыпты. Сондықтан оған колледжбен жатақханада әлімжеттік көрсетілген дейді.
Айжан Қашағанова, марқұмның анасы:
- Нұрхат жанжақтан ақша сұрай бастаған. Туыстарынан, әпкелерінен сұраған. Енді олардың бәрі қиналып жатыр деп, бере берген. Сол, бұдан ақша талап еткен. Қорқытқан. Оны бізге айтуға қорыққан. Бірақ менің өзіме айтты: «Мама, мен қиналып кеттім, қиналсам да, мен еркекпін ғой, шыдаймын, сол оқуды бітіріп шығамын» деп, сөйтіп айтып уәде берді.
Бірақ ашулы топтың сауалына оқу орындарынан жауап берер бір адам табылмады. Есесіне колледжге білім басқармасының басшысы келді. Жанат Тәжиева қазір 15 адамнан тұратын арнайы комиссия құрылып зерделеу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтады.
Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы:
- Өз ісіне жауаппен қарамағаны үшін, тиісті тұлғалар басшылықтың бақылау жұмысын өз дәрежесінде жүргізе алмағаны үшін бірінші басшы қатаң жауапкершілікке, жұмыс орнын босатқанға дейінгі қатаң жауапқа тартылатын болады.
Аманат еткен баланы аман алып қала алмағандардан бөлек, туыстары полицейлердің селқостығына да наразы. Себебі, қайғылы жағдай болғанына екі күн өтсе де, жатақхана ішіндегі камералар әлі қаралмапты. Тіпті күдіктілер белгілі болса да, ешкімге айып тағылмады деп отыр.
Рахман Өзенбаев, марқұмның туысы:
- Үшеуі ертіп кетіп бара жатқанда тоқтап, қара жігіт бар, кішірек келген, тоқтап, артына бұрылып, ішінен бір ұрып едім деді. Сол кезде бала еңкейіп қалған. Екінші біреуі тағы бір ұрған. Содан құлады деді. Содан аузы көпіршіп қалған еді. Екі бала ұрды, құлады, тұншығып өлді деп, балалар мойындап тұр. Мейірбике мойындап тұр. Мына жерде күдікті деп ешкімді танымаған. Ешкімді қамаған. Сол кезде бала өздігінен тұншыққан, ауруы жоқ бала, тұншығып өлді деп мойындап тұрған нәрсені ешкім қамалмаған, ешкім! Күдікті жоқ.
Полицейлер сот-медициналық сараптама тағайындалып, бір баппен қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Бірақ марқұмның туыстары сараптама қорытындысы өзгеріп кете ме деп қорқады. Сондықтан Бас прокуратура қатаң бақылауға алса дейді. Және Нұрхат оқыған колледждің басшысы мен орынбасарларын жұмыстан босатып жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram