Ақтөбеде төбесі опырылған ғимаратқа жауаптылар рақымға ілікті
Ақтөбеде төбесі опырылып құлаған ғимараттың құрылысына жауапты компания басшыларына сот үкімі шықты. Мердігер мекеме директоры мен оның көмекшісі үш жылға бас бостандығынан айырылғанымен, сол сәтте рақымшылыққа іліккен. Енді тек жазаның жартысын өтейді.
Автор: Жаңалық Ахаш
02.11.2022
Былтыр қаланың қақ ортасындағы «Даму» қоры кеңсесінің төбесі опырылып, 33 жастағы қызметкер плита астында жаншылып қалған. Ол сол күні ауруханада қайтыс болды. Тағы төрт қызметердің қол-аяғы сынып, түрлі жарақат алған еді. Осы қайғылы оқиғаға ғимаратта жөндеу жүргізіп жатқан құрылыс компаниясының басшылары айыпталған болатын.
Себебі, салмағын есептемей, ғимарат шатырына құрылыс материалдарын үйіп жинай берген. Соның кесірінен төбе жабындысы ауырлыққа шыдас бермей қираған. Судья екі сотталушыға үш жыл жаза кескенімен, олар тек бір жарым жыл ғана түрмеде отырады. Марқұмның отбасына да 6 миллион теңге төлеуге тиіс. Ал төбесі опырылған «Даму» қорына келтірген шығынды 43 миллион теңге деп есептепті. Оны да қайтаруға міндетті. Бірақ жақынынан айырылған жәбірленушілер үкіммен келіскен жоқ. Одан бөлек, қызметкерлерін жұмыстан тыс уақытта еңбекке тартқаны үшін қор басшылары да жазалансын деп отыр.
Жеңіс Мырзагелдин, жәбірленуші:
- Мен мына беріліп жатқан Қасымбаев пен Манасовтың үш жыл жазасымен келіспеймін. Кешірумен жаза аз. Үш жыл көбейтуін сұраймын. Кінәлі «Даму» мен ауыл шаурашылық та кінәлі. Акті Н1-де көрсетілген. Ауыл шаруашылық «Агро» компаниясы, Ерғазин, ол да кінәлі деп танылуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!