Бөлісу:
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram
Министр: Соңғы қоңырауды 1 маусымға ауыстыру жан-жақты сарапталған
Мектептер алты күндік оқу аптасына дайын болуы керек. Үкіметте Оқу-ағарту министрі соңғы қоңырауды 25 мамырға қайта шегерудің салдарын айтты. Пәндердегі оқу сағаты да қысқаруы мүмкін.
Автор: Айғаным Достанбай
25.05.2023
Мектеппен қоштасу салтанатын 1 маусымға ауыстыру туралы шешім жан-жақты сарапталған дейді министр Ғани Бейсембаев.
Жылда дәл осы күні оқушылар мектебімен қоштасып, соңғы қоңырау соғылатын. Талай жыл қалыптасып қалған дәстүр Асхат Аймағамбетовтың кезінде бұзылды. Қазір Мәжіліс депутаты болып жүрген Аймағамбетовтың министр лауазымында қабылдаған соңғы шешімін қазір ақтайтындар – бір жақ, даттайтындар – бір жақ. Жастың да, жасамыстың да естелікке толы мейрамын ешкіммен санаспай, бір-ақ күнде жоқ қылды дейтіндерге экс-министрдің жауабы дайын.
Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты:
- Біз мемлекеттік қызметші болғаннан кейін, ұнамайтын, бірақ елге керек, мүмкін бес жыл, мүмкін он жылдан кейін түсінікті болатын шешім қабылдай білуіміз керек. Әрине, басым көпшілікке ұнамайтыны түсінікті. Ол солай болуы керек те. Бұл шешім халықтың арасында, оқушылардың арасында соншалықты жақсы қабылданбайтынын біз білдік.
Оқу жылын бір аптаға ұзартқаннан балалардың білімі асып-тасып кетпейтіні белгілі. Соған қарамастан, мектептерде кәдімгідей 45 минуттан сабақ өтілуі керек. Десе де жылдағы дәстүрмен кітап құралдарын әлдеқашан жиыстырып қойған білім ошақтары да бар көрінеді. Министр мұндайды мүлде естімедім деп отыр. Ғани Бейсембаев соңғы қоңырау салтанатын 1 маусымға шегеруге наразылар, енді 6 күндік оқу жоспарына дайын болуы керек дейді.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Бұл мәселе бойынша, бірінші кезекте мамандар шешім қабылдауы керек. Өйткені бұл жай ғана 25 мамыр деп, күнін ауыстыра салу емес. Бұл нақты мемлекеттік стандарттың, бағдарламаның 36 аптаға созылуына қатысты дүние. Жағдайды бірден бұрынғы қалпына келтіру мәселесі басқа да өзгерістерге алып келеді. Яғни алты күндік оқу жоспарына алып келеді немесе пәндегі оқу сағатының қысқаруына алып келуі мүмкін. Білім саласындағы мұндай шешім қабылдар алдында жіті сараптаудан өткізу арқылы жүргізіледі.
Жоғары жақтағылардың мұндай шешімін оқушылар құптамайды, әрине. Дені 25 мамырдың өзгеріссіз қалғанын қалап тұр.
- Маған 25-24 мамыр ыңғайлы,себебі мен 31 мамырда ауылға кетемін.
- Біз 24-25 марыда кітапты тапсырып, демалуымыз керек. 26 мамырда соңғы қоңырау болған ыңғайлы.
- Неғұрлым балаларды мектепте ұзағырақ ұстаса, соғұрлым, балалар пайдалы бірнарсемен шұғылданады деп ойлаймын.
- Негізі, 25-не қарай болса, қоңырау, емтихандар тезірек басталып, жалпы маусым емтихандармен өтіп жатыр. Сондықтан 25 мамырда болғаны ыңғайлы.
- Бізге қиындық тудырмайды, алып кетіп, алып келуге. Бір аптада тұрған ештеңе жоқ.
Министрдің ендігі жұмысы кітап-дәптерлерін ерте тапсырып демалысқа шығуға асыққандармен болып отыр. Дегенмен талап пен тәртіпті пысқырмағандардың қандай жауапкершілікке тартылатынын Ғани Бейсембаев ашып айтқан жоқ. Қайткен күнде де, санамызда жатталып қалған 25 мамыр мерекесі келмеске кеткенге ұқсайды. Дегенмен кім білген ...
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram