{metadescription}
Елімізде 1,6 миллион адам несиесін жаба алмай жүр
Елімізде 1,6 миллион адам несиесін жаба алмай жүр

Елімізде 1,6 миллион адам несиесін жаба алмай жүр

Қарызға батқан қазақстандықтар көбейіп барады. Сарапшылар жоғары пайызбен несие беретін микроқаржы ұйымдарына талапты қатаңдатуды ұсынып отыр. Өйткені екінші деңгейлі банктердегі мөлшерлеме ең көбі 56 пайызбен ғана шектелсе, ал шағын қаржы ұйымдарында 150 тіпті 300 пайызға дейін жетуі мүмкін.

Әрі аталмыш ұйымдардан қарыз алушының төлем қабілеттілігіне ешкім басын қатырмайды. Соның кесірінен қазір бақандай 1 миллионға жуық отандасымыз микроқаржы ұйымдары алдындағы несиесін жаба алмай әлекке түскен.

Алматылық Денис Иванов банктерден несие ала алмаған соң, кезінде микроқаржы ұйымдарына жиі жүгінетін. Бірақ аталмыш ұйымдағы соңғы қарызын әлі күнге дейін төлей алмай жүр. Айтуынша, азғантай ғана алған несиесі қас-қағым сәтте екі есе өсіп шыға келген. 

Денис Иванов:

Пайызы күнненкүнге өсіп бастады. Жалақым жетпей кетті. Сөйтіп, мүлде төлемей кеттім. Қазіргі қарызым 158 мың теңге. Енді осыдан кейін мүлде жоламаймын.

Жүзін көрсеткісі келмеген келіншек те кезінде 10 шақты шағын қаржы ұйымдарынан қарыз алған. Алайда жарты миллион теңгесі бір пәсте үш есе өсіп, оны төлей алмай әлекке түскен.

Әр шағын қаржы ұйымдарынан 70 мың теңгеден бастап, 200 мың теңгеге дейін қарыз алдым. Жалпы 500 мың теңге болды. Бірақ, дәл қазір мен 1 миллион 390 мың теңге қылып қайтаруым керек. Олар күнделікті таңғы сегіздентүнгі онға дейін қоңырау шалады. Өте дөрекі сөйлейді. Мазамды алды.

Ал Нұртолған әжей 40 жыл ұстаз болып, енді маңдай терінің жемісін көретін кезде алаяқтың арбауына түсіп қалған. Қазір бір басында бақандай 4 жарым миллион теңге қарызы бар. Бірақ несиені өзі емес, атынан жақын танысы алып, кейін ізім-ғайым жоқ болды дейді. Қазір ай сайын түсетін 160 мың теңге зейнетақысы сол қарызды жабуға кетеді екен.

Нұртолған Құстаева

Мектепте жүргенде Нұралиева Сәния Аманжолқызына кредит алып бергем. Ол кредитімді жауып, кейін менің сеніміме кіріп, «апай деп жалынып, осындай жерге барайық, осындай жерде береді екен деп, микрокредитқа барып, сол жерден диван аламын, кресло, тоңазтқыш аламын деп ақша алды. Бір машинаның ішінде, бір кісі бізге ақша санап берді. Анау алды. Сонымен сумкасына салды. Сонымен қайттық.

Осылай әр түрлі жағдайға тап болып, енді шағын қаржы ұйымдары алдындағы қарызын қайтара алмай жүргендердің саны күннен-күнге өсіп жатыр. Бірінші несие бюросының мәліметінше, қайтарылмаған қаражаттың жалпы сомасы бақандай 1 триллион теңгеден асады.

Руслан Омаров, Бірінші несие бюросының бас директоры:

1 қыркүйекке есептен шығарылған келісімшарттарды ескергенде, халықтың микроқаржы ұйымдарына жалпы берешегі шамамен 1,1 триллион теңгені құрады. Ал қарыз алушылардың саны 1,6 миллион. 

Ал қарызын кешіктіріп жүргендердің саны миллионнан асады. Осы тұста микроқаржы компанияларының өз несиелерінің үстінен 150 пайызға дейін қосуға рұқсат етілгені сарапшыларды таң қалдырып отыр.

Андрей Чеботарев, қаржы сарапшысы:

Негізінде микроқаржы ұйымдары қарызды 50 пайыздан артық көтере алмайтын. Енді оларға жылдам ақша табуға рұқсат беріпті. Егер бұрын қарыздың жоғарғы шегіне жеткізу үшін 45 күннен кейін тағы 45 күн керек болса, енді ол әлдеқайда тезірек болады. Өйткені күндік шекті мөлшерлеме көбірек болды. Егер бұрынғы шекті мөлшерлемемен 45 күннен кейін 128 пайыз болса, енді 146 пайыз.

Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, еліміздегі микроқаржы ұйымдарының саны 250-ге жеткен. Өйткені банктермен салыстырғанда мұндай компанияларды ашуға көп құжат қажет емес. Лицензия да алу жеңіл дейді экономистер. Сондықтан талаптарды күшейту керек деп санайды. 

Степан Шрамко, экономист:

Менің ойымша, бұл уақытша. Өйткені заңнамалық тұрғыдан біздің базамыз жетілдіріліп жатыр. Дегенмен кез келген микроқаржы ұйымы қарыз алушылардың барлық құқығын ескере отырып жұмыс істейтініне 100 пайыз кепілдік жоқ. Адамдардың не үшін шағын қаржы ұйымдарына ағылатынын анықтап, шешу керек. Менің ойымша, жарнамасын қысқартқан дұрыс.

Қазір дәл осы микроқаржы компанияларына қатысты мәселе елімізде күрделі дейді сарапшылар. Өйткені банктер несие беруден бас тартып, ел-жұрт амалсыздан пайызы көп «айлыққа дейін қарыз», «бөліп төлеу» сынды тетіктерге жүгінеді. Әзірге түйткілдің түйінін тарқататын жол болмай тұр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде