Солтүстікке құтқару қызметі мен тәртіп сақшылары күшейтілген жұмысқа көшті
Солтүстікке сақылдаған сары аяз келді. Түнде температура минус 40 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде. Синоптиктер мұндай ауа райы әлі бір аптаға дейін сақталады деп отыр. Қазір құтқару қызметі де, тәртіп сақшылары да күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
08.12.2023
Аслан Қызбикенов, Ақмола облысы ПД басқарма бастығы:
— 35 градусқа дейін аяз. Тұрғындарға алыс жолға шықпауды ескертеміз. Аязды ауа райы жеті күнге дейін сақталады деген ақпарат бар. Көрші Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында да көліктердің жолға шығуына шектеу қойылуда. Сақ болыңыздар.
Сары шұнақ аяз болатыны сан рет ескертілгеніне қарамастан, жолға шыққандар көп. Ал ауа температурасы -36 градусқа дейін төмендегендіктен, дизель отынымен жүретін көліктерге жолға шығуға мүлдем тыйым салынды. Соған қарамастан жанармайы қатып жолда қалғандар көп. Күннің күрт суытуына байланысты Көкшетауда мектеп оқушылары қашықтан оқып жатыр.
Ал Қостанайда көктайғақтан кейін қатты аяз тұрып, оқушылар төрт күннен бері мектепке бармаған.
Солтүстік Қазақстан облысында да аяз күшіне мінді. Күн суытқан сайын үйін жылыту үшін жер үйлерде пешті тәулік бойы жағып жатыр. 40 градус аязда баспана жылымаған соң, электр құрылғыларын қоса пайдаланатындар да бар. Осы ретте төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға қауіпсіздік жағын ұмытпауды ескертіп отыр.
Назымбек Елемесов, Петропавл қалалық ТЖБ бастығы:
— Ешуақытта да пешті қатты жағуға, пешті қараусыз қалдыруға болмайды. Балаларға пешті қадағалауға тапсыруға болмайды. Көміртегі тотығымен уланып қалмас үшін пештің ауа қалқасын мерзімінен бұрын жаппаңыздар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!