Қарағандыда бір тонна шикізаты бар есірткі зертханасы табылды
Қарағандыда полицейлер бір тонна шикізаты бар есірткі зертханасын тапты. Ондағы прекурсорлар Альфа ПВП есірткісінің 500 мың дозасын дайындауға арналыпты. Дайын өнімнің қара нарықтағы құны 12 миллиард теңгеден асады.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
02.12.2024
Жедел ақпарат бойынша полицейлер алдымен шикізат жасырылған саяжайды тапқан. Оны сыртынан бақылау барысында шикізат тиеуге көлігімен келген адам көзге түседі. Жүкті алып жүргенде артынан еріп отырып, қаланың басқа ауданындағы наркозертхана етіп жабдықталған үйге келіпті. Сол жерде көлік тізгініндегі 39 жастағы күдікті ұсталды. Үйді тінткен кезде у сатуға дайындалып қойған 10 келі дайын өнім табылды.
Сонымен қатар 6 бөшкеге салынған прекурсорлар, химиялық заты бар 68 ыдыс, 4 қап ұнтақ, есірткі заттарды өндіруге арналған жабдықтар тәркіленді. Үйде таразылар, ұялы телефондар, жүйелік блоктар да бар екен.
Ғалымжан Бекболатов, Қарағанды облысы ПД басқарма бастығы:
— Арнайы операцияның нәтижесінде 500 мың дозаға жуық есірткінің қара нарыққа шығуына жол берілмеді. Сонымен қатар қылмыстық әрекетке қатысушылар, соның ішінде тұрғындар арасынан ықтимал курьерлер тартылуына нүкте қойылды. Қылмыстық іске қатысы бар азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!