Астанада лифтіде пышақталған бүлдіршіннің беті бері қарады
Астанада лифтіде пышақталған бүлдіршіннің беті бері қарады. Бірнеше жерінен пышақ жарақатын алған бес жасар бала қазір ауруханада жатыр. Ал оған суық қару сілтеген жасөспірім бірден ұсталған. Психикасында ауытқуы бар 14 жастағы жасөспірім бірден оқшауланды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
12.02.2025
Бес жасар Батырды анасы ауладағы дүкенге жұмсаған екен. Өзі терезеден бақылап отырыпты. Біраз уақыт подъезден шықпаған бүлдіршін қанжоса болып үйіне оралады. Айқай-шудан көршілері де жиналған.
Айнұр, аанасы:
— Батыр жүгіріп кірді, есік ашық тұр ғой. «Мама, мені өлтірді, мені өлтірмек болды» деп. Шошып кеттім, «не болды,кім тиісті саған, жаңа ғана тыныш келе жаттың ғой» десем, «мама, балалар алаңы» дейді. Сол жерде біреу тиісті ме деп ойладым. Сөйтсем анау қашып кетті деп айта лмай жатыр екен. «Мама, өліп барамын» деп, былай құлап кете береді.
Мойнынан, бетінен бірнеше пышақ жарақатын алған бала жедел ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнына бірден полиция да келеді. Сөйтсе бүлдіршінге басқа бала пышақ сілтепті. Лифт ішіндегі жағдай бақылау камерасына түсіп қалған.
Қуаныш Орынбетов, Астана ПД бастығының орынбасары:
— Балаға жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған жасөспірім анықталды. Ол заңды өкілімен бірге дереу полицияға жеткізілді. Тергеу аяқталған соң, оны оқшаулау бойынша шара қабылданады. Сонымен қатар оның заңды өкілі баланы тәрбиелеу бойынша міндетін дұрыс орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
Дұрыс қарамаған заңды өкілі деп, полиция жасөспірімнің анасын айтып отыр. Қандай жауапкершілік екені де әзірге белгісіз. Ал психикалық ауытқуы бар 14 жастағы күдікті енді мәжбүрлі түрде емделуі мүмкін.
Пышақ жарақатын алған бес жасар Батыр қазір медициналық мекемеде емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы бір қалыпты, Батыр батырлығын танытса, алдағы уақытта толық сауығып шығады дейді.
Медет Нұғманов, №2 көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
— Балада бет жағында жарақат болды. Жедел түрде хирургиялық көмек көрсетілді. Қан ағып, ол тоқтатылды. Қазір бөлімшеде, жағдайы тұрақты, толық емін алып жатыр. Психологтар бүгін ақырындап жұмысқа кірісті, баламен сөйлесіп. Өзіміздің мекемеде психологтар бар. Сол кісілер баламен жұмыс істеп жатыр.
Жасөспірімнің бес жасар балаға дейін лифтіде басқа кішкентай қызға да пышақ сілтемек болған видеосы бақылау камерасына жазылып қалыпты. Арғы жақтан басқа адамдар келіп қалса керек, суық қаруын дереу жасырып, қашып кеткені таспада анық көрініп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!