Атырауда ірі-қараны қотыр басып жатыр
Атырауда ірі-қара жаппай қотыр ауруына шалдығып жатыр. Малшылар бұған тасқыннан кейін каналдарға судың келмеуі түрткі болды деп отыр. Өйткені мал күзден бері арналардағы қалдық суды ішкен. Соның салдарынан сиырлар жаппай кеселге ұшырап жатыр. Ал жауаптылар ауру тарағанын жоққа шығарып отыр.
Автор: Жанат Молдашова
21.02.2025
Атырау маңындағы шаруа қожалықтар тасқынның зардабынан арылар емес. Енді малы кеселге ұшырап жатыр. Шаруалардың айтуынша, арналарға келетін су жолдары аршылмаған. Сондықтан төрт түлік былтырғы жаздан бері каналдағы борсыған қалдық суды ішіп жатыр дейді шаруалар.
Нұрбек Есенқұлов, шаруа:
— Бағып отырған адал малымызды қотыр басты. Оның себебін күзде судың каналға айдалмауынан, қазір каналда су болмауынан көреміз. Қазір канал табанында қалған су да шіріп, сасып кеткен. Қазір малымызды сонымен суаруға мәжбүрміз.
Қалыбай Молдырахманов, шаруа:
— Мойнына басталып құйрығына дейін қотыр. Ол тасқын судан болады. Басқа неден болсын?! Жылда мұндай болған жоқ.
Шаруалардың айтуыша, ірі қараның жаппай қотыр жұқтыруы күзде басталған. Бүкіл шаруа қожалықтардың малы ауырып, өз бетінше екпе салып, ем-дом жасаған. Бірақ нәтижесі болмапты. Ал ветеринарлар «бұл қауіпті кесел емес» деп жайбарақат жүр.
Нүркен Баяров, Атырау облысы ветеринарияны бақылау және қадағалау комитеті аумақ инспекциясы басшысының орынбасары:
— Аса қауіпті аурулар қатарына жатпайды. Сондықтан мал иесі өз қаражатынан жүргізеді.
Ал су арналарына жауаптылар каналдардың тартылуына байланысты «еш арыз-шағым түскен жоқ» дейді.
Асыланбек Рысжанов, «Табиғат» КМК директоры:
— Көктемде сорғышпен су қосылды. Одан кейін өр суы келді. Сосын өз деңгейімен тамызға дейін су жеткізілді. Одан кейін алдындағы бөгет жабылып, сусорғышпен мұз қатқанша су берілді. Ол кезде ауру шықса, басқа шықса, сіздердің айтуларыңызша, ондай арыз түскен жоқ.
Осылайша мамандар, енді су сәуір айында ғана жіберілетінін айтты. 30 жылдан бері арнасы бітеліп, табаны тереңдетілмеген каналдарды тазарту тек биыл қолға алына бастапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!