Алматыда келіншек төрт жасар баласымен биік үйден құлап кетті
Алматыда 35 жастағы әйел төрт жасар баласымен бірге 18-ші қабаттан құлап кетті. Келіншек оқиға орнында бірден көз жұмды, ал бүлдіршінді періштесі қаққан, қазір ауруханада жатыр. Сәбидің жағдайын дәрігерлер аса ауыр деп бағалап отыр.
Автор: Шапағат Мырзабекова
11.03.2025
Қайғылы оқиға бүгін таңертең қаланың қақ ортасындағы «Комфорт Сити» тұрғын үй кешенінде боллы. Отыздың ортасына келген әйел өзіне қол салды ма, жоқ әлде қылмыс болды ма? Оны тәртіп сақшылары анықтауға кірісті. КТК тілшісі оқиға болған жерге барып қайтты.
Қайғылы оқиға бүгін таңғы алты жарым шамасында болған. 35 жастағы әйел «Комфорт сити» тұрғын үй кешенінің 18-ші қабатынан құлаған. Оқиға орнын мамандар тазартып тастаған. Ал сұмдық жәйтқа куә болғандар әлі есін жия алмай жүр.
Келіншектің мұндай қадамға баруына не түрткі болғаны әзірге белгісіз. Бір белгілісі, 18-ші қабаттан төрт жастағы баласымен бірге құлаған.
Серік Тасқарбеков, оқиға куәгері:
— Мен сағат сегізге таман келген кезде шулап жатты. Ол кезде денесін алып кетіпті, мен келгенде жоқ болды. Жұрттың улап-шулап жатқанын естідік. Біз арғы блоктан кіреміз ғой.
— Мен жұмысқа таңғы сегізде келдім. Сол уақытта мында кептеліс болды. «Не болды?» деп сұрағанымда, әйел баласымен секіріп кеткенін айтты. Өз көзіммен көрмедім. Мұнда көп адамдар да, полицейлер де болды.
35 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды. Ал дәрігерлер оның төрт жастағы баласының өмірі үшін күресіп жатыр. Көптеген жарақат алған бүлдіршін жансақтау бөлімінде, хәлін аса ауыр деп бағалап отыр. Яғни бүлдіршіннің өміріне әлі қауіп төніп тұр.
Құрметбек Тоқтар, Алматы БШМККО директорының орынбасары:
— 2021 жылғы бала жедел медициналық жәрдем бригадасымен көптеген жарақатпен жеткізілді, биіктіктен құлаған. Шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді. Қазір қарқынды терапия және жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес, толық емделіп жатыр.
Бұл дерек бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғады. 35 жастағы келіншек өз еркімен құлады ма, әлде оны біреу итеріп жіберді ме, оқиғаның мән-жайын енді полицейлер анықтайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!