Тергеу жүріп жатыр. БҚО-да құлаған дрон кімге тиесілі?
Батыс Қазақстан облысының аумағына құлаған қашықтан басқарылатын ұшу аппараты бойынша тергеу жүріп жатыр. Құзырлы органдар апатқа ұшыраған дронның кімге тиесілі екенін анықтағаннан кейін ресми мәлімдеме жасайды.
Автор: Дастан Қуандық
26.03.2025
Әлібек Қуантыров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
— Тергеу жүріп жатыр. Біз қазір бұл үшін жауап бере алмаймыз, техникалық зат қой. Қайдан келді, қайда құлады, кімге тиесілі? Техник мамандар анық-қанығына көз жеткізсін, содан кейін белгілі болады.
Бұл — Қазақстан аумағына құлаған үшінші әскери дрон. Еске салсақ, өткен аптада Ресеймен шекаралас Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында пилотсыз ұшу аппараты табылған. Абырой болғанда құрылғы адам аяғы баспайтын аумаққа құлап, зардап шеккендер болмады. Дегенмен, Мәжіліс депутаттары Үкіметке шекара маңындағы өңірлерде қауіпсіздікті күшейтуді ұсынып отыр.
Павел Казанцев, ҚР Мәжіліс депутаты:
— Ең бастысы, бұл дрондардың кімнің меншігі екенін және оны кім қалдырғанын анықтау керек. Бұл мәселені шешкеннен кейін, менің ойымша, техникалық және әскери шараларды қабылдау қажет. Қазір ол бос жатқан жерге құлап отыр, бірақ басқа жерге де құлауы мүмкін. Бізге оқыс жағдай қажет емес. Бұл біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігі, өмірі мен денсаулығы үшін керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары