Наурыздың таңғажайып дәстүрлері мен терең мағынасы
Наурыздың таңғажайып дәстүрлері мен терең мағынасы

Наурыздың таңғажайып дәстүрлері мен терең мағынасы

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының басшысы этносаясаттанушы Сағындық Салмұрзин Наурыздың таңғажайып дәстүрлері мен терең мағынасы жайлы әңгімелеп берді

Ғалымның айтуынша, Наурыз - астрологиямен, аспан денелерінің орналасуымен байланысты жалпыхалықтық мейрам. Ол табиғат жаңаратын жасару мейрамы, бейбітшілік пен қайырымдылықтың мерекесі.

«1926 жылдан бастап Наурызға кеңестер билігі мұсылмандардың діни мейрамы деп тыйым салды. Ал шын мәнінде олай емес, мұсылман діні Орта Азия және Қазақстан аумағына VIII ғасырда ғана келген. Біздің ата-бабалар Жаңа жылды тойлауды одан көп ғасырлар бұрын бастаған. 1221 жылы қытай саяхатшысы Чан Чунь көне Отырардағы Наурыз мерекесін былай суреттейді: «Жастар көшеде сауық-сайран құрды, әр есіктің алдына тоқтап көңілді жарапазан тақпақтарын айтты. Үйдегі бала-шаға өлең айтқандарға алуан түрлі тәттілерді, қауынның қағын, құрма, халуа сыйлады», - дейді ол.

Наурыздың ұмыт болған ғұрыптарының біріне жалаңаяқ жүгіру жарысын жатқызуға болады. Адамдар осы арқылы Жер-Анадан күш-қуат алатынына сенген.

Ерте заманда ер адам мен әйел арасында да жарыстар ұйымдастырылған. Ең әлсіз ерлер мен ең мықты әйелдердің осы жарысына олар қыс бойы дайындалып шыққан. 

С. Салмұрзин Наурыз мерекесі таңның атысымен, «Бұлақ көрсең - көзін аш» деген ежелгі дәстүрмен басталғанын айтады. Таңда адамдар бұлақтың басына немесе арықтың бойына барып, оларды тазалаған. Кейін барлығы жиналып ақсақалдың басшылығында ағаш отырғызған. «Бұрыннан келе жатқан дәстүрді жаңғырта, мереке күндері «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» деген сияқты шараларды өткізуге, аулаларды, көшелерді, саябақтарды, алаңдарды абаттандыру, ағаш отырғызу апталықтарын, онкүндіктерін ұйымдастыруға болады», - дейді С. Салмұрзин.

Белсенді азамат қайырымдылық акциялары Наурыздың бірлік пен ынтымақ идеяларын сақтап, жаңғыртуға қызмет ететініне сенімді.

«Жұрт қыстан қиналып шыққан адамдарға көмек қолын созып, барымен бөліскен. Қыстан қалған азын-аулақ дақылдарын салып Наурыз көже әзірлеген. Адамдар мейрамда қолындағысын аянбай, мерекені де бірге тойлаған, үйінің жыртық-жамауын да бірге түгендеп, асар ұйымдастырған», - дейді ғалым. Этносаясаттанушы  Наурыздың игі дәстүрлері жыл сайын жаңғырып келе жатқанын қуанышпен тілге тиек етті.

«Жыл сайын ұйымдастырушылар мен Наурыз мерекесін тойлаушылардың фантазиясы да байып келеді. Ел арасынан шыққан тепсе темір үзетін жігіттеріміз түрлі жарыстар, додалар ұйымдастырады. Әсіресе бәйге, көкпар, арқан тартыс, күрес, сайыс, қыз қуу әрі тәрбиелік, әрі философиялық мәні бар спорт түрлері мен сауықтарға деген қызығушылық арта түсті», - дейді С.Салмұрзин.

«Маған көрші Ресейдің Қорған облысындағы Наурыз салтанаттарына қатысу бақыты бұйырды. Онда Наурыздың тағы бір тамаша ғұрпын көрдім - адамдар алаудың төңірегінде айналып, одан секіріп өтіп жатты. Бәлкім, ол ежелгі салттардың қалдығы немесе славяндық дәстүрлердің араласуынан пайда болуы мүмкін. Бір қызығы, Наурыздың басты тағамы көжені қорғандықтар әзірлемейді екен, ал отқа сыйынушылық сақталған», - дейді С. Салмұрзин.

Былтыр Петропавлда үйлердің ауласында Наурыз алғаш рет тойланды. Көпқабатты үйлердің тұрғындары дастархан жазып, мерекені бірге қарсы алды. Алаңдарда этноауылдар бой көтеріп, киіз үйлер тігілді, Наурыз көже, палау, бауырсақ тегін таратылды, жастар жағы түрлі ойын-сауық ұйымдастырып жатты. 

Ұлттық спорт ойындары өңірде қайта жанданып келеді. Солтүстікқазақстандық спортшылар Астанадағы қыз қуу, теңге алу, аударыспақ бойынша көрнекі ойындарға қатысты.

Дереккөз: ҚазАқпарат
 

Серіктестер жаңалықтары