Баспана қымбаттап кетпес үшін не істеу керек
Баспана қымбаттап кетпес үшін не істеу керек

Баспана қымбаттап кетпес үшін не істеу керек

«7-20-25» бағдарламасында өңірлердің жаңа және ескі тұрғын үйлерін қоса отырып, нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың үйлесімін табу керек.

ҚР ҰЭМ «Экономикалық зерттеулер орталығында» өткен дөңгелек үстелде Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы Айжан Мұқышбаева осындай пікір білдірді.

«Елбасы өз бастамасында «7-20-25» бағытында пайыздық мөлшерлеменің 7 пайыздан аспауы керектігін нақты айқындап көрсетті. Яғни, алғашқы жарна 20 пайыз болады да, үй 25 жылға дейін беріледі. Бұл ретте қазіргі таңда сарапшылардың арасында көп талқыланып жатқан мәселе - осы 7 пайыздық мөлшерлеме үйдің бағасының қымбаттауына алып келуі мүмкін. Сол себепті, бүгінгі күні менің ұсынатыным - осы бағдарламаны өңірлік тұрғыда қарастыру керек. Яғни, Қазақстанда 14 облыс пен екі ірі қала бар. Әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына, халықтың сатып алу қабілеттілігіне байланысты қарастыру керек деп ойлаймын», - дейді Айжан Мұқышбаева.

Оның айтуынша, ипотека портфелін қарайтын болсақ, ондағы 50 пайыз несиелер Астана мен Алматыға тиесілі, ал қалған өңірлердің үлесі одан төмен.

«Астана мен Алматы қалаларында аталған бағдарлама бойынша берілетін ипотеканы тек жаңа үйлерге берілетіндей етіп несиені шектеу керек деп ойлаймын. Себебі, ол бағалардың өсіп кетуіне әкелуі мүмкін. Ал қалған өңірлерді тек жаңа үйлермен шектелмей, бұрынғы үйлерді де қоса отырып, сұраныс пен ұсыныстың үйлесімін табу керек. Өйткені, Астана мен Алматыда құрылыс қарқынды жүргенімен, басқа өңірлерде салынып жатқан жаңа үйлер аз. Сондықтан, бұрын салынған үйлерді де қоса отырып, өңірлердің арасында дифференциялды саясат жүргізу керек», - деді Айжан Мұқышбаева.

Дереккөз: ҚазАқпарат


 

Серіктестер жаңалықтары