Сарыағаштағы атыс: Күдіктілер қамауға алынды
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында атыс болып, соңы кісі өлімімен аяқталды.
13:40 10.04.2018
Қазір қылмысқа қатысы бар деген үш күдікті ұсталды.
Сарыағаш аудандық сотының санкциясымен үшеуі де қамауға алынды.
Бұл туралы аудандық соттың судьясы Самал Кеңесова айтты.
Соттың ресми өкілінің сөзінше, оқиға 4 сәуір күні, сағат 22.00 шамасында Абай ауылындағы дәмхана жанында болған. Топ болып төбелескендер қару қолданып, атыс ұйымдастырған.
«7 сәуір күні үш тұлғаны екі айға қамауға алу туралы сот санкциясы шықты. Күдіктілердің бірі 1985 жыл туған азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен ("Бұзақылық") іс қозғалды.
Ал 1996 және 1993 жылдары туған тұрғындар бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» және 99-бабының 2-бөлігі 1,7,9-тармақтарымен («Адам өлтiру») іс қозғалды. Олар үш жәбірленушілерге қатысты бұзақылық ниетпен адамдар тобының алдын ала сөзбайласуы арқылы екі немесе одан көп адамды өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшыратуға оқталған деп күдіктелген»,- дейді Самал Жолмұратқызы.
Ал облыстық денсаулық сақтау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір аудандық ауруханада екі жәбірленуші жатыр. Олардың бірінің жағдайы ауыр болғандықтан жансақтау бөліміне орналастырылған. Екіншісі палатаға ауыстырылды. Қазір оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев күдіктілерге іздеу жарияланғанын хабарлаған болатын.
Дереккөз:ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!