ВИДЕО: Британдық туристердің жұмбақ өлімі тергеушілерді тығырыққа тіреді
Британдық туристердің Мысырдың Хургада қаласындағы жұмбақ өлімі тергеушілерді тығырыққа тіреді.
08:00 28.08.2018
Туристер қазір Steigenberger Aqua Magic отеліне оралып жатыр.
Хургадада бірнеше күн бұрын белгісіз жағдайда британдық екі турист қайтыс болған. 69 жастағы Томас Купер пен оның әйелі - 63 жастағы Сьюзан өткен аптаның сейсенбісінде отельдегі бөлмелерінде өлі күйде табылған болатын.
Алдын ала болжам бойынша, олар жүрек талмасынан қайтыс болған. Бірақ оған не себеп болғаны белгісіз. Ерлі-зайыптылардың денсаулығының күрт төмендеуіне не себеп болды? Криминалист-сарапшылар осыған бас қатыруда. Олар отельдің суын, ауасын, сондай-ақ желдеткішті және газдың таралуын да тексеріп шықты. Алайда өлімге себепші болатын еш нәрсе таппай отыр.
Туроператор Thomas Cook аталмыш отельден қауіпсіздік шарасына байланысты 300 клиентін шығарып тастаған болатын.
Қайтыс болған британдық туристердің қызы Келли Ормерод ВВС-ге берген сұқбатында ата-анасының өздігімен өлді дегеніне сенбейтінін айтып отыр.
"Олар сол күні кешке бөлмелеріне оралғанда оларды өлтіретіндей бір нәрсе болды. Бәлкім улы бірдемемен демалды ма... білмеймін. Тек болжам ғана айта аламын. Бірақ бір нәрсенің болғаны анық".
Ал токсикологиялық сараптаманың қорытындысы 10 күннен кейін дайын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!