Астанада ирандық әйел бірнеше кассирді алдап кеткен
23 қазан күні елордалық тәртіп сақшылары алаяқтық әрекеті үшін Иран Ислам Республикасының 37 жастағы тұрғынын ұстады.
Фото: lenta.inform.kz
10:00 25.10.2018
Бұл туралы ҚазАқпарат Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
22 қазан күні елорданың ірі ойын-сауық орталықтары мен отельдерінде шетелдік әйел бірнеше персоналды алдап, жалпы сомасы 200 мың теңгеге ие болған.
Әйел ірі купюроларды (10 және 20 мың теңгелік) көрсете отырып, кассирлерге жақындаған. Алайда өз ақшасын кассирлерге ұстатпаған. Кассирлер оған ұсақ купюроларды ұстатқан уақытта күдікті ақшаны санаған болып, олардың назарын басқа жаққа аударып, білдірмей ақшаның бір бөлігін қалтасына жасырын салып отырған. Осыдан кейін ақшаны ұсақтаудан бас тартып, касса алдынан тез кетіп қалған.
Полиция қызметкерлері анықтағанындай, әйел Қазақстан Республикасына туризм мақсатында келіп, елорданың отельдерінің бірінде тұрып жатқан.
Тергеу амалдары барысында жәрібенушілер шетелдік мейманды танып, күдікті өзіне тағылған айыппен келісіп отыр. Сонымен бірге, құқық қорғаушылар әлгі әйелдің кінәсін дәлелдей аларлық видеожазбаларды қолға түсірген.
Аталған факт негізінде ҚР ҚК-нің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Шетелдік Астана қалалық Полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!