Геннадий Головкин бұрынғы менеджерлерін сотқа берді
Орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) бұрынғы менеджерлері Максимилиан және Олег Германдардың үстінен 3,5 миллион доллар өтемақы талап етіп арызданды.
18:32 01.02.2019
Американың TheBlast.com басылымының мәліметінше, орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин өзінің бұрынғы менеджерлері Максимилиан және Олег Германдарды сотқа беріп, олардан ірі ақшалай өтемақыны талап етіп отыр. Сот құжаттарына сәйкес, Головкиннің айтуынша, Максимилиан және Олег Герман әдейі табыс туралы есеп бермей, сомалары құжаттағыдан әлдеқайда жоғары болған комиссия төлемдерін алып жүрген. Оған қоса, менеджерлер Головкиннің соңғы жекпе-жектерін ұйымдастыруда ешқандай қызмет көрсетпесе де ол үшін ақы төлеуді талап етіп отыр.
GGG Германдармен іскерлік қатынасын 2017 жылы үзгенін мәлім етті, алайда олармен келісімшарт үзілсе де бұрынғы менеджерлер Головкиннің Сауль «Канело» Альвареспен екінші жекпе-жегінен барынша табыс табуға тырысқан. Басылымның мәліметінше, Геннадий олардан бұрынғы келісімдерінен олар пайда көрген 3,5 миллион АҚШ доллары көлеміндегі соманың қайтарылуынан үмітті. Ол сондай-ақ менеджерлермен байланысын ресми түрде үзетін сот шешімін күтіп отыр.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!