Кітапханашы орамал таққаны үшін жұмыстан қуылған
Душанбедегі Исмоили Сомони аудандық сотында Тәжік мемлекеттік медициналық университетінің бұрынғы қызметкері Малика Сангинованың ЖОО басшылығына қарсы арызын қарау басталды.
09:26 28.02.2019
Оның айтуынша, мұсылман орамалын таққаны үшін және әлеуметтік желілерге постар жазғаны үшін жұмыстан қуылған.
«Соңғы төрт жылдан бері университет басшылығының қысымымен жүрдім. Олар менен жұмыс кезінде басымдағы орамалды шешуді талап етті», - дейді Малика Сангинова 27 ақпанда.
Соңғы айларда өзі 8 жыл жұмыс істеген оқу орны басшылығы Сангиноваға "не өз еркіңмен арыз жазып жұмыстан кетесің, не студенттермен дөрекі қатынасы үшін деген себеппен жұмыстан қуыласың" деп талап қойған.
"Ректорат Фейсбуктағы менің парақшамды ашып, ЖОО туралы нашар пікір қалдырып жүрсің, сонымен бірге діни мазмұндағы мақалалармен бөлісіп жүрсің деп айыптады... Сосын менің киіміме тиісе бастады. Олар маған арыз жазуды талап етті. Мен бас тарттым", - дейді Малика Сангинова.
Сот процесі кезінде медициналық университеттің заңгері Жумахон Саидов Сангинованың талаптарын негізсіз деді. Ал кітапхана меңгерушісі Саломат Эргашева оның ішкі тәртіпті бұзғаны үшін қызметінен алынғанын айтты. Бірақ қандай ішкі тәртіп жөнінде ешнәрсе айтпады.
Малика Сангинованың арызы бойынша басталған сот процесінде судья екі тарапты бейбіт келісімге келуге шақырды. Бірақ екі тарап та қарсы болды. Енді сот отырысы бір аптадан кейін қайта жалғасады.
Дереккөз: centralasian.org
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары