Тоқаев Өзбекстан президенті жайлы пікір білдірді
Тоқаев өзбекстандық БАҚ-қа сұхбат берді.
13:40 14.04.2019
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі — ӨзА-ға Өзбекстан мен Қазақстан арасында қол жеткізілген нәтижелер, ынтымақтастықты дамытудың бүгінгі жағдайы мен болашағы туралы сұхбат берді. Тоқаев журналистермен әңгімеде Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев президент қызметіне кірісуімен алғашқылардың бірі болып құттықтағанын атап өтті.
"Шавкат Миромонұлы Қазақстан Президенті лауазымына кіріскен кезімде бірінші құттықтаған Мемлекет басшыларының қатарында болды. Жылы сөздері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Өзбек көшбасшысының Елбасымыздың атына айтылған ізгі тілегі де біздің елге деген терең құрметінің дәлелі деп санаймын. Президент Шавкат Мирзиёев Өзбекстанда ауқымды өзгерістерді жүзеге асыру және елдеріңізді заманауи, халықаралық аренада бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыруда тарихи миссияны өзіне алып отыр.
Оның мемлекеттік басқару жүйесін біртіндеп жетілдіру, экономика мен қаржы секторын ырықтандыру, өзбек халқы өмірінің барлық саласын жаңғырту бағытынан бұлжымауы нағыз қызығушылық пен шынайы құрмет тудырады.
Шавкат Миромонұлы өзінің бүкіл энергиясын, білімі мен тәжірибесін алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге арнайтындығына кездесуіміз барысында көз жеткіздім. 2017 жылы Қазақстан Парламенті Сенатының делегациясын басқарып, Ташкентке сапармен келгенімде айтарлықтай толыққанды әңгімелесу болды. Жеке өз басым Өзбекстан басшысының елді дамытудың барлық негізгі бағыттарындағы стратегиялық тәсілдерін, өңірдегі және әлемдегі ахуалды терең түсіне білуін қадір тұтамын. Онымен екіжақты дамудың барлық мәселелерінде көзқарасымыз ортақ. Бұл өте маңызды. Біздің арамызда орын алған сенімді әрі тұрақты байланыстар бауырлас қазақ-өзбек қарым-қатынасын одан ары тереңдете түсуге септігін тигізеріне сенімім мол", - деп мәлімдеді Тоқаев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!