Нұр-Сұлтанда 7 жасар баланы анасының көңілдесі көк ала қойдай етіп сабаған
Қалалық аурухананың қабылдау бөліміне кәмелет жасқа толмаған бала жеткізілген.
09:31 04.05.2019
Елорда полициясы 7 жасар баланың соққыға жығылуына қатысты тергеуді қолға алды. Елордалық тәртіп сақшыларының хабарлауынша, қалалық аурухананың қабылдау бөліміне кәмелеттік жасқа толмаған бала көптеген дене жарақатымен түскен. Артынша аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 106-бабына (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сәйкес қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу барысында 7 жасар баланың анасы және өгей әкесімен бірге тұрғаны анықталыпты. Тиісті сараптама нәтижесінде балаға ер адамның жәбір көрсететіні анықталды. Баланың айтуынша, анасы жоқта, яғни күндіз ер адам оны ұрып-соғады екен.
Тіпті жаза ретінде түнде ұйықтатпай, таңға дейін көбейту кестесін жаттатқызып қоятын көрінеді. Жеткіншек тұрақты түрде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап отырған. Полицейлер куәгерлердің жауабын негізге алып, сонымен қатар тиісті тергеу амалдарын жүргізіп, ер адамды күдікті деп тапты. Ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Қазіргі уақытта аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!