Түркістанда инкассаторға шабуыл жасап, қызметкерлерді өлтірген
7 маусымда кешкі сағат 18:15 шамасында Арыс ауданына қарасты ауылдардың біріне қаржыларды жеткізу үшін шығып кетіп, байланысқа түспей жатқан екі инкассатор туралы хабарлама келіп түскен.
12:14 09.06.2019
Қызметтік көліктің ішінде зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге арналған 7,5 миллион теңгеден астам қаржы болған. Оқиға орнына бірден Арыс АПБ-нің жедел-тергеу тобы жетеді. Анықталғандай, инкассаторлар белгіленген бағыт бойынша ауылдардың біріне кетіп, алайда белгісіз себептерге сәйкес байланысқа шықпай қалған.
Полицейлер олардың мекен-жайын анықтау мақсатында, сонымен бірге ауданнан барлық шығар жерді, аймақты, көше мен қиылысқа қойылған бейнекамераларды тексеріп, куәгерлерден сұрақ-жауаптар алып, қажетті деген шараларды атқаруда, деп жазады stan.kz. Инкассаторларды іздеуге Түркістан облысы полиция департаментінің криминалды полиция басқармасының қызметкерлері мен Арыс АПБ-нің полицейлері жұмылдырылды.
Нәтижесінде жедел уәкілдер Арыс қаласынан 5 шақырым жерден тастанды көлікті, ал аудан орталығынан 35 шақырым жерден оқ тиген жарақаттарымен инкассатор қызметкерлерінің мәйітін тапты. Қазіргі таңда, аталған жайт ҚР қылмыстық кодексінің екі бабымен, яғни 99-бабы "Адам өлтiру" және 192-бабы "Қарақшылық" бойынша тіркеуге алынды. Полицейлер ауыр қылмысты жасаған күдіктілердің тұлғасын анықтау мен оларды құрықтауға бағытталған кешенді жедел-іздестіру шараларын іске асыруда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары