Экология министрі: Арыста радиация жоқ, ауа мен су таза
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев арнайы өткізілген брифингте Арыстағы радиологиялық ахуал бойынша деректер келтіріп, мәлімдеме жасады.
14:47 28.06.2019
Биылғы жылғы 27 маусымда Экология департаментінің мамандары Қазгидромет мамандарымен бірге Арыс өзенінің суы мен топырағынан 100-ден астам сынама алып, радиациялық бақылау жүргізген. Сынақ зертханасы тұрақты түрде ауаға, топыраққа және суға мониторинг жүргізеді.
Министрдің мәліметінше, мамандар Арыстағы ауаны тексеру кезінде оның құрамындағы азот тотығы мен қос тотығы, күкірт мөлшері рұқсат етілген концентрациядан аспаған. Сондай-ақ ауаны ластағыш заттар гигиеналық нормативтердің шекті рұқсат етілген мөлшерден аспағаны анықталды. Сонымен қатар Арыс өзенінде жүргізілген тексерулерге сәйкес, судың да құрамы ластанбаған.
Мырзағалиев мамандар радиологиялық, геологиялық бақылау жүргізген құрал-жабдықтың барлығы 2019 жылдың көктем айларында жаңартылып, тексеруден өткенін алға тартты.
«Бүгінгі таңда Арыс қаласында радиация жоқ, атмосфералық ауа таза, су және топырақ ластанбаған. Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар Министрлігі Арыс қаласына экологиялық қауіпсіздігіне кепілдік береді», - деп қорытты брифингті еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!