Ақтөбе облысынан алтын адам қорғаны табылды
Темір ауданының Тасқопа елді-мекенінің маңынан б.з.д. V ғасырда алтын киіммен жерленген сармат көсемінің қорғаны табылды.
13:31 26.10.2019
Бұл туралы өңір басшысы Оңдасын Оразалин мәлімдеді. Тарихи жәдігерлер табылған мекеннен бірнеше сурет жариялаған Оңдасын Оразалин бұл оқиғаның тек Ақтөбе өңірі үшін ғана емес, күллі елге маңызы бар екенін жазды.
Бүгін, археологтардан ақжолтай хабар келді. Темір ауданының Тасқопа елді-мекенінің маңынан б.з.д. V ғасырда алтын киіммен жерленген сармат көсемінің қорғаны табылды. Кезекті «Алтын киімді көне ескерткіш» - Ақтөбе өңірінің ғана емес, бүтін қазақ елінің тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық.
Кешегі Есік қаласынан, Шығыс пен Атыраудан табылған көне ескерткіштердің жалғасы бүгін Ақтөбе жерінен де көрініс берді. Бұл дегеніміз сол заманда қазақ жерін мекендеген бабаларымыз өркениеттің жоғары сатысында өмір сүргендігін көрсетеді.
"Бұл қойнауы құтты, тарихы тереңде жатқан Ақтөбе өңірінен табылған құндылықтардың бастамасы ғана деп білемін. Мұндай тарихи жәдігерлер әлі де көптеп табылып, Дүние жүзінің алдында Қазақ елінің мәртебесін көтереді деп сенемін", - дейді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары