Ең жоғары жалақыны қандай мамандар және өңірлер алады
Биылғы жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 191 129 теңгені құрады.
01:07 04.11.2019
Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінен мәлім етті. Өткен жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда атаулы жалақы индексі 118,1%, ал нақты жалақы индексі 112,0% құрады. Статистикалық мәліметке сәйкес, салалық құрылымда ең үлкен жалақыны қаржы және сақтандыру қызметінің мамандары алады – 484,6 мың теңге, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұл, орташа республикалық деңгейден 2,5 есеге көп. Кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда - 418,0 мың теңге (2,2 есеге көп), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 334,1 мың теңге (1,7 есеге көп), құрылыс саласында 257,7 мың теңге (1,3 есеге көп) еңбекақы белгіленген. Ең төменгі атаулы жалақы білім қызметкерлерінде – 122,1 мың теңге. Бұл, республика бойынша орта көрсеткіштен 36,1 % төмен.
Өңірлік бөліністе ең жоғары айлықты Атырау облысының тұрғындары алады – 361,5 мың теңге. Бұл, орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,9 есеге көп. Түркістан облысында оның көлемі 122,8 мың теңгені құрады, бұл ел бойынша орташа деңгейден 35,8% төмен.
«Халықаралық стандарттарға сәйкес, бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы қосымша ақыларды, үстемақыларды, сыйақыларды, сондай-ақ салықтар мен басқа да ұстап қалынған сомаларды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналарын) есепке ала отырып қалыптастырылады», - деді комитеттен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!