Қазақстанда жастарға арналған жалдамалы пәтерлер салынады
Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 2022 жылдан еліміздің барлық өңірінде жұмысшы жастарға арналған жалдамалы пәтер салынатынын айтты.
14:07 04.11.2019
Әзірге жұмыс істейтін 29 жасқа дейінгі қыз-жігіттерге жалдамалы пәтер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ғана беріледі. Егер қолдайтын болсаңыздар, жастарға арналған жалға берілетін баспананы еліміздің басқа да өңірлерінде 2022 жылдан бастап салу мәселесін көтеру жоспарланып отыр.
Министр осы жылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 3000 пәтер жалға берілетінін атап өтті. Арендалық баспанада жастар 5 жыл тұра алады. Пәтерді жалға алу ақысы 15 мың теңгеден аспайды. Ал тұрғын үй алаңы – кемінде 40 шаршы метр. Нұр-Сұлтан қаласында пәтерлерге құжаттар қабылдау бүгін басталды.
"Бұл жүзеге асырылып жатқан шараларға қарап, жастарымыз баспана алу үшін Нұр-Сұлтан, Алматы немесе Шымкентке жаппай көшу керек екен деп түсінбеуі керек. Мұндай пәтерді алу шартының бірі – соңғы екі жылда сол қалада тұрақты тұру", - деді ол.
Абаевтың ақпаратынша, елордада пәтерге құжат қабылдау бүгін басталған. Алматы жастарынан 200-ден аса өтінім түсті. Алдағы үш жыл ішінде 29 жасқа дейінгі жастарға 9 мың арендалық пәтер беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!