Бүгін түнде елордаға кіру және шығу шектеледі
Нұр-Сұлтан қаласы Инвестистициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев карантин кезінде елордаға азық-түлік пен өзге де тауарлардың қалай жеткізілетінін түсіндірді.
17:52 21.03.2020
«Қалаға тауар жеткізу бойынша бүгін түнде елордаға кіру және шығу шектеледі, блокпосттар қойылған. Көрші облыстардың жеткізушілері, мысалы, ет және құрылыс материалдарын жеткізушілер дұрыс ақпарат алмаған тәрізді. Азық-түлік тауарларын кіргізуге еш тыйым салынған жоқ. Барлық жеткізушілерді қауесеттерге сенбеуге, тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырамыз», - деді Е. Бекмырзаев қала әкімдігінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, азық-түлік өнімдері қала аумағына тәулік бойы кіргізіледі, ал өзге тауарлар сағат 22.00-ден таңғы 5-ке дейін өтеді.
«Бұл үшін азық-түлік, негізгі тауарлар және өзге де тауарларды алып өтетін жасыл дәліз құрылды. Сонымен бірге, азық-түлік өнімдерін немесе басқа өнімдерді жеңіл көлікпен әкелуге тыйым салынады. Сондықтан жүргізушілер мен экспедиторлар ең алдымен, бетперде, жеке куәлік, көлік құралының техникалық төлқұжаты, сондай-ақ тауарлардың ілеспе құжаттарын көрсетуі қажет. Жүргізушілер мен экспедиторлардың құжаттары мен денсаулық жағдайы бақылау-өткізу пункттерінде тексеріледі. Көлік белгіленген жерге жетеді де, жүк түсіріліп, көлік қайтарылады, маршруттан ауытқуға жол берілмейді. Барлық жүктемелер Интернетте онлайн режімде бақыланады», - деді Ерлан Бекмырзаев.
Еске сала кетейік, карантин кезінде жұмысын тоқтатпаған мейрамханалар анықталып, жауапқа тартылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!