Ғалымдар коронавируске қатысты қауіпті мифті жоққа шығарды
Блумбергтегі Джонс Хопкинс атындағы қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің ғалымдары 2020 жылы ешқандай ел коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитетке қол жеткізе алмайтынын мәлімдеді.
21:00 11.05.2020
Зерттеушілер ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға ықпал ететін шараларды ұстану қауіпті екенін айтады, өйткені ол "денсаулық сақтау жүйесіндегі апатқа" әкелуі мүмкін. Ғалымдар SARS-CoV-2 коронавирусын жұқтыру статистикасына сүйене отырып осындай қорытынды жасады.
Қазіргі уақытта әлемнің ешбір елінде ауруды жұқтырғандардың үлесі екі-төрт пайыздан аспайды. Адамдардың ұжымдық иммунитетін күшейту үшін халықтың 70%-і ауырып немесе вакцинациялануы керек. Ал мұндай жол көптеген адамның құрбанға айналу қаупін төндіреді. Ғалымдар мысал ретінде АҚШ-ты атады. Қазіргі уақытта елде шамамен 1,25 миллион адам жұқтырған. Ал вакцинациясыз ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін елде 328 миллион тұрғынға кемінде 200 миллион жұқтыру оқиғасы тіркелуі қажет.
Сонымен қатар, эпидемиологтар иммунитет үшін коронавирусты әдейі жұқтыру әрекетінен бас тартуға шақырды. 1980 жылдары шешек ауруы кең тарап, жаппай жұқтыру болғанын еске салған олар COVID-19-ды жұқтыру үшін арнайы бас қосулар өткізбеуге шақырады. Өйткені ғалымдар қазір АҚШ-та күн сайын екі мыңға дейін адам коронавирус ауруынан көз жұматынын, ал шешек ауруы өршіген шақта қайтыс болғандардың саны жылына 150-ден аспағанын айтады.
Зерттеушілер егер коронавирустың АҚШ-та қарқынды таралуы жалғасып – күніне 25 мың жаңа инфекция жұқтырса, онда тек 2021 жылы вакцинасыз ұжымдық иммунитетке қол жеткізуге болатындығын атап өтті. Айта кетейік, коронавирус пандемиясының басында кейбір елдердің билігі ұжымдық иммунитетті қалыптастыруды жоспарлағандықтан қатаң шектеулерге қарсы болған.
Дереккөз: Sputnik
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!